Павлодар облысында шахматтан дәстүрлі турнир өтті. Бұл жарыс өз өмірін білім мен спортқа арнаған Қинаш Алдажаровты еске алуға арналды. Биыл турнир 19-рет өткізілді. Дәстүрге айналған сайысқа жасөспірімдерден бастап зейнеткерлерге дейін қатысты. Жарыстың өтуіне Қинаш Алдажаровтың ұрпақтары айрықша қолдау көрсетіп келеді.
Қинаш Алдажаров Ертіс ауданында алғаш рет шахмат жарысын ұйымдастырып, зияткерлік спорттың дамуына жол ашқан. Турнирдің жыл сайын жоғары деңгейде өтуіне оның балалары ерекше үлес қосады. Қинаш Алдажаровты еске алуға арналған жарыс бүгінде облыстағы ең тұрақты әрі беделді шахмат додаларының біріне айналды.
Әсен Қинашов, Қинаш Алдажаровтың ұлы
Облыстық федерация, спорт комитеті басқарып өткізіп жатыр. Соған ризамыз. Жылда балалары, яғни біз көмектесеміз. Балалар жыл да осындай турнирді асыға күтеді,қатысады. Былай қарағанда шахматтан білімдерін көбейтіп, өнеді, соған ризамыз. Әкемізді білген, таныс болған зейнеткерлер де ойнайды. 10 шақты қатысушы. Жеке турнир өткізіп, ойнайды жыл сайын.
Биыл турнирге 50-ге жуық шахматшы қатысты. Олардың қатарында тәжірибелі ардагерлер, жаңадан шахмат әлеміне қадам басқан оқушылар да бар.
Әдема Иманғалиева, қатысушы
Мен шахматпен 3-4 жыл ойнаймын. Менің құрбым осы шахматқа әкелген. Осы жылдар ішінде облыстық орындар иелендім. 2,3 орындар алдым. Менің кеңесім шахмат ойнау керек. Себебі ол логикаға жақсы, математикаға керек.
Қинаш Алдажаровты еске алуға арналған турнирдің ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл шара тек спорттық жарыс емес, ұстаздың еңбегіне деген құрмет пен оның шәкірттеріне қалдырған өнегесінің жалғасы.
Сабина Жолдаспаева