Павлодар облысында қазан айының алғашқы күндері жылы болады. 10 қазанға дейін жауын-шашын күтілмейді. Түнгі температура 0–5 градус нөлден төмен. Ал күндіз 3–5 градус жылы болады. Демалыс күндері ауа райы құбылып, жаңбыр мен қар аралас жауын болады деп күтілуде.
Синоптиктердің айтуынша, биыл қазан айы көпжылдық көрсеткіштерден айтарлықтай ерекшеленбейді. Ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері шамамен қалыпты деңгейде болады. 13–20 қазан аралығында ауа райы түнде 0–5 градус, ал күндіз 5–10 градус жылы болады деп болжануда.
Ирина Анохина, «Қазгидромет» РМК ПОФ метеоболжамдар бөлімінің басшысы
Ал, айдың соңына қарай ауа температурасы төмендейді. Қар түсіп, жаңбыр жауады. Қардың тұрақты қабаты әзірге қалыптаспайды, бірақ түнде 7 градусқа дейін аяз болуы мүмкін. Күндізгі температура 0–2 градус шамасында.
Жалпы, қазан айының екінші онкүндігі жылы өтсе, үшінші онкүндікте айтарлықтай суытады.
Сабина Жолдаспаева