Павлодар облысының құрметті азаматы, белгілі қоғам қайраткері Қабидолла Шәкерімовтың 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Шара барысында «Повороты судьбы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ, оның өмір жолына арналған деректі фильм көрсетілді.

Қабидолла Шәкерімов қарттарға арналған «Замандас» клубының негізін қалаған және алғашқы басшысы болды. Ол шағын ұйымды 700-ге жуық мүшесі бар үлкен клубқа айналдырды. Бұл орын зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік берген. Осы еңбектері мен өмір жолы туралы деректер «Повороты судьбы» кітабында жазылған. Еске алу кешіне оның туыстары, әріптестері, қоғам қайраткерлері жиналды.

Боранбай Сқақов, Павлодар облысының құрметті азаматы

Барлығымыз өткен заманды көзбек елестеткен секілді болдық. Мен өзім ол кісімен бірге істедім. Біздің кіндік тамған жеріміз бір. Содан кейін, Павлодарда қайта кездестік. Кездескенде ол бірінші қатардағы секретарь, мен екінші қатарда бөлім меңгерушімін. Сол кезде жасым 35.

Қайраткердің жұбайы да сахнаға шығып, жастық шағын еске алды. Ол алғашқы жылдардың қиындықтарын айтты. Екеуі оқып жүріп отбасын құрған. Бірге өткізген өміріне риза болғанын жеткізіп, көзіне жас алды.

Асима Шәкерімова, Қабидолла Шәкерімовтың жұбайы

Сондай өзі жігерлі, мықты, ойлы. Үйге келсе де, қызметтен келіп, ойланып, бірдеңені жазып отыратын. Мен айтатынмын демалсаңшы деп, қазір-қазір деп отыратын. Өткен өмір-ай. Кеше ғана кеткендей болып отыр. Қанша жыл болса да кеткеніне, жүректе бәрі қалады ғой. Ұмытылмайды ол.

«Повороты судьбы» кітабының авторы – Қабидолла Шәкерімовтың жеңгесі. Ол еңбекті жазу оңай болмағанын айтты. Материал өте көп жиналған, кітап көлемі шамамен 200 беттен асады. Қайраткердің алған марапаттары да кең қамтылған. Бұл еңбек 2020 жылы жарық көрген. Биыл ресми түрде кітаптың тұсаукесері өтті.

Вера Шәкерімова, Қабидолла Шәкерімовтың жеңгесі

Кітаптың алғашқы беттерінде оның отбасы мен ата-анасы туралы жаздым. Әкесі – Семей портында жүк тиеушілердің бригадирі болған, анасы – үй шаруасындағы адам. Қарапайым еңбек адамының отбасынан шыққан. Бірақ жас кезінен-ақ көзге түскен. Комсомол қызметінде белсенді болды, жетекшілікке дайын тұрған жігіт еді.

Шара барысында қонақтар Қабидолла Шәкерімовтың өмір жолына арналған фильмді тамашалап, оның еңбегін құрметпен еске алды. Бұл кеш – тұлғаның өнегелі өмірін, қоғамдағы орнын, артында қалған рухани мұрасын дәріптеген ауқымды шара болды.

Сабина Жолдаспаева