109 байланыс орталығы 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қызмет Павлодар облысы тұрғындарының өтініштерін тәулік бойы қабылдап, тиісті мекемелерге жолдайды. Күн сайын орталыққа 200-ден 800-ге дейін түрлі мазмұндағы өтініш түседі. 109 байланыс қызметіне көбінесе қандай шағымдармен қоңырау шалынады? Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.
Биылғы жылдың 10 айында 109 байланыс орталығының операторлары 88 923 өтініш қабылдаған. Оның 95 пайызы толық өңделген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 3 пайызға төмен. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы 107 422 өтініш тіркелген.
Тұрғындардың көпшілігі коммуналдық мәселелер бойынша хабарласады. Сондай-ақ анықтамалық сипаттағы сұрақтар мен денсаулық сақтау саласына қатысты өтініштер де жиі түседі екен.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, ең көп өтініш маусым айында тіркелген, ал ең аз қоңырау ақпан айында түскен. Өтініштердің 90 пайыздан астамы Павлодар қаласының тұрғындарынан келіп түседі. Ең аз өтініш – Аққулы ауданынан.Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы өтініш беру көрсеткіші артып келеді. Дегенмен тұрғындардың басым бөлігі әлі де қысқа нөмір — 109 арқылы тікелей қоңырау шалуды жөн көреді.
Дильназ Қуанышбекқызы