15 қараша – елімізде Ұлттық валюта күні ретінде атап өтіледі. Тәуелсіздік жылдарынан бастап теңгеміз өзгере, түрлене келе, бүгінгі көркем және заманауи бейнесіне жетті. Бұл өзгерістерді байқау мен зерттеу – нумизматтар үшін қызықты іс. «Ertis» телеарнасының ардагері, нумизмат Александр Бичинев балалық шағынан әр елдің ақшаларын жинап жүр. Бізге өзінің ерекше жинақтары мен қызықты мәліметтерімен бөлісті.

Александр Бичинев 50-жылдан астам уақыт бойы әртүрлі елдердің монеталары мен банкноталарын жинап келеді. Нумизмат үшін әр монета мен банкнотаның өз тарихы, құндылығы бар. Ол ақшаның бейнесіне, жасалу ерекшелігіне, ондағы ұлттық белгілерге ерекше мән береді.

Александр Бичинев, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасының ардагері, нумизмат

Жеті жасымда ағам маған бірнеше көне тиын сыйлады. Мен оған қарап, қызыға бастадым. Уақыт өте келе бұл – менің хоббиіме айналды. Мектептен кейін көп жерді аралап, көне тиындарды таба бастадым. Бастапқыда банкноталарды ғана жинасам, кейін монеталарға қызығушылығым артты.

Нумизматтың сөзінше, тәуелсіздік алған жылдары қағылған тиындардан бастап, бүгінгі жаңа үлгілерге дейінгі өзгерістер – еліміздің өсіп-өркендеу жолын айқын көрсетеді. Александр Бичинев осы бай дәстүрді ұрпаққа аман жеткізуді өзінің міндеті деп санайды.

Александр Бичинев, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасының ардагері, нумизмат

Біздің алғашқы тиындарымыздың түрлі нұсқалары болды. Олар өте көркем, ерекше жасалған. Кейбірі қазір өте сирек кездеседі. Кейін монеталарымызға халқымыздың ұлы тұлғалары бейнелене бастады. Бұл – үлкен мақтаныш. Монетадан біз сол адам туралы біле аламыз. Қазақстан өз ақындарын, ғалымдарын, жазушыларын құрметтейді. Менің коллекциямда олардың көп бөлігі бар. Кейде бір банкнотаның бірнеше данасы қайталанады. Себебі нумизмат үшін ең маңыздысы – ұсақ-түйекке дейін зерттеу.

Әлем елдері үшін ұлттық валюта – бедел мен өнердің тоғысқан туындысы. Сол сияқты қазақстандық теңге де ерекше бейнесімен, ұлттық нақышымен әрі заманауи қорғаныс элементтерімен жоғары бағаланады.

Александр Бичинев, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасының ардагері, нумизмат

Банкноталардағы өзгерістерді байқасаңыз – өте қызық. Мәселен, 500, 1000, 2000, 5000 теңгенің бейнесі жыл сайын жаңарып, жетіліп келеді. Қазақстан валютасы – көркемдік жағынан да, тарихи мазмұны жағынан да өте жоғары деңгейде жасалған. Мұндай ақшаға ие болу – елге деген құрметтің белгісі.

Ұлттық валюта күні – тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын теңгенің қадір-қасиетін дәріптейтін маңызды күн. Теңгеміз– өткен мен болашақты жалғайтын құндылық. Ал оны жинап, зерттеп, келешекке жеткізетін нумизматтар барда ұлттық байлығымыздың мәртебесі әрдайым биік болмақ.

Сабина Жолдаспаева