Павлодарда «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Шара аясында полиция қызметкерлері антиалкогольдік заңнамалардың бұзылуын анықтау және алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Іс-шара басталғалы бері құқық тәртібін сақтаушылар қоғамдық жерде алкоголь ішімдіктерін ішу немесе мас күйінде болудың екі мыңнан астам фактісін анықтады. Мәселен, полицияға қала тұрғыны хабарласып, Назарбаев даңғылы бойында мас ер адам балағат сөздер айтып бара жатқандығын хабарлаған. Оқиға орнына келген патруль құқық бұзушыны медициналық куәландыруға жеткізді. Тексеру оның орта дәрежелі мас күйінде болғанын көрсетті. Аталған тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Жалпы, жыл басынан бері облыс полицейлері қоғамдық жерде алкоголь ішу немесе мас күйінде болудың 7612 фактісін, алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта сатудың 357 фактісін, сондай-ақ лицензиясыз алкоголь өнімін өткізудің 115 фактісін анықтады. Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық орындарда алкоголь тұтынуға тыйым салудың басты себептерінің бірі — қоғамдық тәртіпті сақтау. Сонымен қатар, бұл шара қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоғамдық кеңістікке құрметпен қарау құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.