Құрылысы бірнеше жылға созылған өңірдегі 30 медицицналық нысан жылдың соңына дейін толық қолданысқа беріледі. Оның 24-сі былтыр ашылған. Қалғаны биыл тиісті құжаттамадан өтіп, есігін айқара ашады.
Павлодар облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асып, үш негізгі міндетті шешуге бағытталған. Бұл ауылдық елді мекендерді алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарына дер кезінде шұғыл көмек көрсету және ауылдық денсаулық сақтау нысандарының кадрлық әлеуетін нығайту.
Арман Исакаев, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы
24 нысан пайдалануға берілді. Қалған алты нысанның құрылысы 2025 жылға ауыстырылып, биылғы жылдың соңына дейін іске қосылады. Олардың қатарында – Тереңкөл ауданының Ивановка ауылындағы медициналық пункт, Иртыш ауданының Ленино ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Екібастұз өңірінің Байет ауылындағы медициналық пункт, Ақсу өңірінің Үштерек ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, Ақсу өңірінің Құркөл ауылындағы медициналық пункт және Железин ауданының Мыңкөл ауылындағы медициналық пункт бар.
Жоба аясында өңірде 30 медициналық нысан – медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Бүгінгі күні жалпы сомасы 4,8 млрд теңгеге барлық 30 нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Оның ішінде екеуі – дәрігерлік амбулатория, бесеуі – фельдшерлік-акушерлік пункт, жиырма үші – медициналық пункт. Тоғыз ғимарат ескірген нысандардың орнына тұрғызылды, ал жиырма бір нысан бұрын медициналық ұйымдар жалға алынған елді мекендерде салынды.
Ауылдық елдімекендерде кадр тапшылығы сұрағы да бар. Бірақ ол шешіліп келеді екен.
Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы аяқталу кезеңіне шықты. Алдағы айларда Павлодар облысының ауыл тұрғындары жаңа заманауи медициналық нысандарға қол жеткізіп, өңірдегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артады.
Самал Қалиқызы