Елімізде «Мал ұрысы» кең ауқымды жедел-профилактикалық шарасы өтті. Үш күн ішінде тәртіп сақшылар мал тасымалдап жүрген 12 мыңнан астам көлікті тексерді.

Бұған қоса, Ел аумағында 3,5 мыңнан аса мал сатып алу орындарына, 8 мыңнан астам шаруа қожалықтары мен фермаларға бақылау жүргізілді. Нәтижесінде, 113 адам мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен ұсталды. 20 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. 107 мал ұрлығы бірден анықталды.

Жандос Мұхатов, ІІМ криминалдық ПД басқарма бастығы

Ел бойынша өткен мал ұрысы профилактикалық іс-шарасы ауыл тұрғындарының мүлкін қорғауға және мал ұрлығын болдырмауға бағытталған ІІМ жоспарлы іс шарасы. Нәтижесінде Астана мен Алматы қалаларында 6 заңсыз мал сою цехының жұмысы әшкереленіп, елорданың базарларының бірінде ет сатылуға арналған жалған мөр қолдану фактісі анықталды. 800 ден астам бас мал иелеріне қайтарылды. Мысалы, Павлодар облысында 6 эпизод бойынша 43 бас ірі қара малды ұрлаған 4 адам құрылған топ ұсталды. Жетісу облысында да 50 бас ірі қараның ұрлығына қатысы бар 4 адамнан тұратын топ анықталып, қылмыс дер кезінде тоқтатылды. Ақтөбе облысында полицейлер еркін жайылымда жоғалған 20 жылқыны тауып, иелеріне қайтарып берді.

Ішкі істер министрлігі малды қараусыз қалдырмауды, міндетті түрде таңбалап қоюды және жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарласуды ескертеді.

Сабина Жолдаспаева