Павлодар қаласында ескі темір қоқыс жәшіктерінің орнына жаңа үлгідегі контейнерлер орнатылып жатыр. Заманға сай жасалған бұл қалдық жинау жүйесі қоқыс шығаруды жеңілдетіп, санитарлық тазалықтың сақталуына және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Толығырақ келесі сюжетте.
Әйгерім Тоқпанқызы, тілші
Облыс орталығының тұрғын үй аулаларында осындай 1300 контейнер орнатылды. Бұрынғы темір жәшіктерден айырмашылығы қоқыс тастауда қоқыс тастауда анағұрлым жеңіл. Бірақ тұрғындар дұрыс пайдаланып жүр ме? Герметикалық қақпағы бар әр контейнер толық жабылады,яғни, иіс шықпайды. Мықты материалдан жасалған жәшіктер ұзақ мерзімге шыдас береді. Арнайы қоқыс шығаратын көліктерге бейімделген. Қала әкімдігі мұндай контейнерлер санын арттыруды жоспарлап отыр.
Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы
Оларды қызметпен қамтамасыз ету үшін 21 бірлік арнайы техника сатып алынды. Сонымен қатар контейнерлерді орналастыруға алаңдарда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы 340 алаң абаттандырылды. 2025 жылы 220 алаң, 2026 жылға шамамен 350 алаңды абаттындыру жоспарлануда. Тағы да 2026 жылы 2500 еуроконтейнер орнату жоспарланып отыр.
Қазір облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарға арналған заманауи контейнерлер кезең-кезеңімен орнатылып жатыр. Бұл бастама жеке секторды да қамтиды. Жаңа үлгідегі жәшіктер аула ішінде санитарлық тәртіптің сақталуына септігін тигізеді. Себебі қаланың тазалығы — барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Әйгерім Тоқпанқызы