Адам иммун тапшылығы вирусы туралы естігенде көпшілік әлі күнге дейін алдын ала пікір қалыптастырады. Шындығында, осы дертпен өмір сүруге болады. 1 желтоқсан – Жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромына қарсы күрес күні. Осы күнге орай Павлодар облысында бір айға созылған кең көлемді ақпараттық-білім беру науқаны ұйымдастырылды. Толығырақ алдағы сюжетте.
Павлодар облысында 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында ақпараттық-білім беру науқаны өтіп жатыр. Оған жастар денсаулығы орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар, студенттер қатысады. Науқан барысында кездесулер, тренингтер, викториналар, дөңгелек үстелдер, акциялар және ашық есік күндері ұйымдастырылады.
Бақыт Жанахметова, Павлодар облыстық аитв-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы басшысының орынбасары
Біздің басты міндетіміз індетке қарсы кемсітушілікті жою. Дәл осы түсінбеушілік инфекциямен күреске кедергі келтіреді. Сол себепті біз адамдарға АИТВ қалай жұғатынын, қалай сақтануға болатынын көбірек түсіндіреміз. Өйткені АИТВ – созылмалы ауру. Емдеу ұзақ уақытқа созылады. Дегенмен дәрі-дәрмекті уақытында қабылдаған жағдайда, адам қалыпты өмір сүре алады.
Сарапашылардың айтуынша, аймақта эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жалпы облыста адамның иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін 2830 адам тіркелген. Биыл он айда 191 жаңа жағдай анықталды. Олар 118 ер және 73 әйел адам. Жыл сайын облыста орташа есеппен 200-250 жағдай тіркеледі.
Бақыт Жанахметова, Павлодар облыстық аитв-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы басшысының орынбасары
Биыл аурудың ең жиі таралу жолы – жыныстық қатынас, ол 67,5 пайызды құрайды. Екінші орында – есірткіні көктамыр арқылы қолдану 24,6% құрайды. Сондай-ақ, анадан балаға жұғу жағдайлары да бар – шамамен 1 пайыз.
Ем-дом да уақтылы жүргізіліп жатыр. Қазір есепте тұрған науқастардың 99,2 пайызы, яғни 2411 адам антиретровирустық терапия қабылдап келеді. Олардың ішінде 1417 ер адам, 994 әйел және 18 жасқа дейінгі 20 бала бар. Мамандардың айтуынша, дәл осы терапия инфекцияны бақылауда ұстап, адамның толыққанды өмір сүру мүмкіндігін арттырады.
Сабина Жолдаспаева