Өткен демалыс күні «101» қызметіне Павлодар ауданы Черноярка ауылындағы жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті. Тілсіз жау лезде өршіп, үйдің шатырын шарпыған.

Оқиға орнына 11-өрт сөндіру бөлімі мен өрт сөндіру бекетінің мамандары тез арада жетті. Қызыл жалын үйдің шатыры мен ішкі бөлмелеріне тараған. Өрт сөндірушілер өрттің көрші үйлерге таралуына жол бермеді. Тілсіз жау аз уақыт ішінде толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Мамандар электр сымдарының жағдайын үнемі тексеріп, ақау пайда болған жағдайда дереу маманға жүгіну қажеттігін ескертеді.

Сабина Жолдаспаева