Облыстың перинаталдық орталығы жүкті әйелдерге жоғары мамандандырылған көмек көрсететін жетекші медициналық мекеме. Орталықта білікті дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істейді. Ал заманауи технологиялардың енгізілуі медициналық қызмет сапасын одан әрі арттырған. Мұндай жүйелі жұмыс өңірде ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік берді.

Перинаталдық орталықта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері толықтай жаңартылды. Шала туған сәбилерді күту мүмкіндігі артты. Телемедицина бағыты да жақсы дамып келеді. Биыл 75 телемедициналық сеанс, 65 онлайн-консультация және басқа өңірлермен 268 виртуалды кездесу өтті. Бұл жүйе дәрігерлердің уақытылы кеңес беруіне мүмкіндік жасайды.

Гүлнәр Буратаева, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері

Перинаталдық орталықта кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жоспар аясында біз орталықтың ішінде әйелдер консультациясын аштық. Сонымен қатар, перинаталдық диагностика орталығы жұмыс істейді. Оның құрамында «бір күндік клиника» бар. Бұл жүйе әсіресе шалғай ауылдардан келетін жүкті әйелдерге қолайлы. Оларға бірнеше рет әртүрлі маманға барып жүрудің қажеті жоқ. Скринингтен өту, ультрадыбыстық зерттеу және басқа мамандардың консультациясы – барлығы бір күнде жүргізіледі. Яғни бір күнде толық тексеруден өтуге жағдай жасалған.

Облыста экстремалды төмен және өте төмен салмақпен туатын балалардың үлесі 1,7 пайызды құрайды. Бұл дүниежүзілік көрсеткіштерге сай келеді. Мұндай сәбилердің өміршеңдігі 71,6 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жақсарған.

Гүлнәр Буратаева, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері

Сәбилердің көбісі дүниеге келгенде 2,5 келіден жоғары болып, көрсеткіштері жақсы болады. Мұндай балалар әдетте уақтылы үйіне шығарылады. Дегенмен, кейде аналар немесе отбасы мүшелері жаңа туған нәрестеге күтім жасау кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Сол себепті патронаж қызметі белсенді жұмыс істейді. Поликлиникаларда психологтардың қызметі күшейтілген, әр анаға нәрестені үйге шығару кезінде «кенеттен болатын сәбилер өлімінің алдын алу» бойынша арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мақсат – әр отбасыға алғашқы күннен бастап дұрыс және қауіпсіз күтім жасауға мүмкіндік беру.

Өңіріміздегі медициналық ұйымдарда барлығы 352 төсек-орын қарастырылған. Қоры 90 пайыз көлемінде жабдықталды. Сондай-ақ әйелдер консультациялары мен акушерлік-гинекологиялық кабинеттері бар 56 ұйым жұмыс істейді.

Гүлнар Буратаева, Павлодар облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері

Жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмек төрт деңгейге бөлінеді. Бірінші деңгей – аудандық деңгей. Павлодар облысында барлық босанулардың 3-5 пайызы осы жерде қабылданады. Екінші деңгей – Ақсу және Екібастұз қалаларындағы көпсалалы ауруханалардың босану бөлімдері. Мұнда шамамен 25 пайыз босану өтеді. Негізгі бөлігі – облыстық перинаталдық орталықта орын алады. Барлық мерзімінен бұрын босану жағдайы осында қабылданады. Санавиация арқылы ауыр жағдайда жатқан аналар мен балалар жеткізіледі. Төртінші деңгей – республикалық орталықтар. Егер біздің мамандарға қосымша көмек қажет болса, күрделі жағдайлар сол жаққа жіберіледі. Биыл 10 айда облыста 6976 нәресте дүниеге келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда аз.

Перинаталдық орталықты жаңғырту аясында жақын арада жүкті әйелдерге арналған пансионат ашылады. Бұл шалғай елдімекендерден келген болашақ аналар үшін жасалады. Егер жүкті әйелге жиі тексерілу қажет болса немесе тұратын жері болмаса, ол пансионатта тегін тұра алады. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыста ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмек деңгейі жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде сәбилердің өмір сүру көрсеткіші жақсарып, қауіп-қатердің алдын алу мүмкіндігі күшейді.

Сабина Жолдаспаева