Павлодар облыстық балалар ауруханасында алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарына арналған бес күндік көшпелі оқыту сессиясы басталды. Оқу бағдарламасында мамандар теориялық біліммен қатар нақты тәжірибелік дағдыларын да шыңдайды.Бұл өз кезегінде балалар мен аналардың денсаулығын сақтауға септігін тигізеді.

Оқыту сессиясы аясында қатысушыларға нәрестелерді дұрыс емізу техникасы, туғаннан кейінгі алғашқы сағаттардағы күтім, лактацияны қолдау әдістері және сүттің азаюы немесе емізудегі қиындықтар туындаған жағдайда аналарға қалай көмектесу керектігі түсіндірілді. Көшпелі оқыту сессиясына арнайы Астанадан келген профессор мамандар ана сүтінің сәби үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.

Тамара Чувакова, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Ана сүтін ешқандай қарапайым алмастырғыштармен толық ауыстыру мүмкін емес. Сондықтан қазіргі таңда біз тек дәрігерлерді ғана емес, бүкіл халықты, әсіресе баланы дүниеге әкелетін аналарды оқытып, олардың ана сүтінің маңызын түсіндіруіміз қажет. Қазіргі жарнамаланып жатқан сүт қоспалары баланың денсаулығына табиғи, әрі пайдалы дәрумендерді бере алмайды. Баланы омыраумен емізу ана үшін де бала үшінде өте пайдалы.

Жергілікті мамандар мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта алған білімдерін қала және ауылдық аймақтардағы жас ата-аналар арасында белсенді түрде насихаттауды жоспарлап отыр.

Роза Муракаева, «Almaz medical group» емханасының бөлімше меңгерушісі

Міне қазір бізде обл балалар емханасында денсаулық департаментінің бұйрығы бойынша барлық облыс бойынша дәрігерлер оқып жатыр. Балаларды ана сүтімен емізу туралы сұрақтар қойылып оқып жатырмыз. Ана сүті жаңа туған сәби үшін өте маңызды. Біз осы жерде оқығаннан кейін басқа да әріптестерімізге, жас аналарға үйретеміз.

Сабақтар теория мен практика түрінде өткізіліп, дәрігерлер мен мейірбикелер тәжірибелі неонатологтардан тікелей кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл оқыту өңірдегі емдеу мекемелерінің емшекпен емізуді қолдау деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді.

Дильназ Қуанышбекқызы