Жайдарман ойындарының Ертіс аймақтық лигасының финалы өтті. Күлкіге толы бәсекеде Павлодар, Семей, Қарағанды, Қостанай, Өскемен қаласынан командалар қатысты. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.

Ертіс аймақтық лигасының ойындары сәуір айында басталған еді. Алғашында 15 команда тіркелген, ал финалдық ойынға «Мид», «Көкпекті», «Болашақ», «Қостанай арулары», «Көркем» командары жолдама алды.

Олжас Қоңыратбаев, Павлодар «Жайдарман» лигасының төрағасы

Бұл лигада Астана қаласынан білікті редакторлар, осы Жайдарман ойындарының чемпиондары бар. Біздің осы лигаға келген бұл 2023 жылғы Жоғарғы лиганың чемпионы «Қыздар емес» командасындағы Олжас Тұрғали мырзамен маусым бойы жұмыс жасадық. Бірге жұмыс жасау біздің өзімізге де керек. Сеебі, деңгей өседі және осы лигадан шыққан командалар маусымашарда болатын ойындарда біздің лиганың атынан шығады. Яғни, қандай школадан, Павлодардан десе біздің рейтинг көтеріледі.

Финалда өнер көрсеткен командалардың дені студенттер. Солардың қатарында, қазақ тілі мен әдебиет мамандығында білім алып жүрген қостанайлық арулар бар. Ертіс аймақтық лигасына қатысу үшін республикалық маусымашарда Павлодар қаласын өздері таңдаған. Басты мақсат павлодарлық көрермендерге күлкі сыйлай білу дейді.

Татьяна Абдуалиева, «Қостанай арулары» командасының мүшесі

Негізі Жайдарманда саясат, билейтін, театр ойнайтындар болады. Бірақ, қазір көбінесе жастар тиктокка жақын болғандықтан біз тикток форматын таңдадық. Ондағы трендтер, билер, мем, солардың барлығын әзілге айналдырып, жайдарман ойнаймыз. Жайдарман – жастар қозғалысының ең үлкен ұйымы ғой. Бұл жерде жаңа таныстық, еркіндік бар десек болады. Адамдарды күлдірте алу бір шабыт деп ойлаймын.

Өнер додасы сәлемдесу, үй тапсырмасы кезеңдерінен тұрды. Мұнда қатысушылар өздерін таныстырып, үй тапсырмасына көрініс қойды. Ал қарағандылық «Болашақ» командасы қолдаушыларымен келген. Олардың айтуынша, команда өз стилін тапқан, сахна сәнін келтіре алады.

Жанат Жанақов, қолдаушы

 «Болашақ» командасы өте жақсы. Бір жыл бұрын бұлай ойнамаған, финалға өтеді деп күтпедік. Балалар өсіп қалған, піскен. Павлодарға финалға өтті дегенде қатты қуандық. Бірден қолдауға барамыз, көмектесеміз деп бірден айттық.

Жайдарман ойындары облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жалпы, жүлде қоры 500.000 мың теңгені құраса, қатысушыларға «Жастар рухы» арнайы кубогі де ойнатылды. Сонымен, Ертіс аймақтық лигасының финалында Қостанайдан келген команда жеңімпаз атанды.

Қымбат Садық