Тілсіз жау кез келген уақытта, кез келген адамның үйінде болуы мүмкін. Осындай кезде мүгедектігі бар немесе көзі көрмейтін жандарды қалай қорғай аламыз деген сұрақ туындайды. Павлодарлық төтеншеліктер өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат қолжетімді болуы үшін Брайль қарпімен жадынамалар дайындап таратты. Тілшіміз айтсын.
Бұл ғимараттан апаттық шығу жоспары. Бір ғана батырманы басып оқушылар өрт кезінде қайда, қалай бару керектігін біле алады. Әсіресе көзі көрмейтін немесе нашар көретін жандар үшін маңызды. Павлодар қаласының төтенше жағдайлар департаменті №7 арнайы мектеп-интернатына барып, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді.
Арман Арын, Павлодар қаласы ТЖБ бас маманы
Мақсатымыз балаларға төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіру. 10 беттік брошюра дайындаған болатынбыз. Брайль қарпімен дайындалған. Сонымен қатар, кәсіпкермен толықтай жарықтанған көзге түсетін болады. Дыбыстық сипаттамасы бар.
Кездесу барысында алдымен тәрбиеленушілермен өрт қауіпсіздігіне қатысты викториналық сұрақ-жауап ойыны өтті. Оқушылар сұрақтарға жарыса жауап берді, төтеншеліктер оларға тәттілер сыйлады.
Светлана Егорова, №7 арнайы-мектеп интернатының оқушысы
Маған викторина ұнады. Онда біз өрт қауіпсіздігі бойынша сұрақтарға жауап бердік. Мен көп ақпарат білдім. Өрт кезінде 101, 112 хабарласу керек, есік жаққа еңкейіп бару керек. Лифтіні қолдануға болмайды.
Тәрбиеленушілерге жарықтандырылған, дыбысталған апаттық шығу жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, Брайль қарпімен жазылған өрт қауіпсіздігі бойынша жадынамалар таратылды. Жобаны әзірлеуге арнайы кітапхана да атсалысқан.
Жамал Кенжебекова, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың басшысы
Жақында төтеншеліктер бізге жаңа жоба ұсынды. Онда өрт қауіпсіздігі нұсқамасы бәріне, яғни көзі көрмейтін жандарға қолжетімді болғанын қалады Олар бізге материал беріп, біз оны рельевті-нүктелік және ұлғайтылған түрде жасап бердік. Бұл көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін балаларға қолжетімді. Жобаны қолдауды жөн көрдік.
Қаламыздағы №7 мектепте көзі көрмейтін және интеллект бұзылыстары бар 180 бала білім алады.
Гүлсім Жуанышева, №7 арнайы-мектеп интернаты директорының орынбасары
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері біздің мектепке жиі келіп тұрады. Өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқамалық жүргізеді. Биыл форматты өзгертуді жөн санадық. Көзі нашар көретін балаларға брайль қарпімен жазылған жадынамалар таратылды. Оқушылар ақпаратты тыңдап қана қоймай, оны оқып бекіте алады.
Айта кетейік, апаттық шығу жоспарын дайындауға жергілікті кәсіпкер қолдау білдірген. Игі істің арқасында арнайы мектеп оқушылары енді өрт кезінде не істеп, қайда бару керектігін білетін болады.
Самал Қалиқызы