Павлодар қаласының Мансап орталығында кезекті рет бос орындар жәрмеңкесі өтті. Шараға мемлекеттік органдардың кадр қызметінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың мамандары қатысты. Өңірдің жоғары оқу орындары мен колледж студенттері белсенділік танытты. 300-ге жуық студент келіп, болашақ мансабын жоспарлауға бағыт алды.

Бос орындар жәрмеңкесі- жұмыс іздеушілерге тұрақты жұмыс табуға, ал жұмыс берушілерге білікті мамандарды іріктеуге арналған ашық алаң. Облыс бойынша 300-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде мемлекеттік органдардағы жетекші және орындаушы лауазымдар, әкімшілік қызметтер бар. Мұнда әр азамат сұхбаттасудан өтіп, кәсіби кеңес алды.

Мадияр Абельдин, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

Бүгін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды департаментпен. Осы жәрмеңкеде облыстық әкімдік, Павлодар облысының әкімдігінің өкілдері, департамент жұмыс беруші ретінде бос лауазымдар туралы жалпы азаматтарға мемлекеттік қызметке қалай түсу мәселелеріне жауап береді. Әр азаматтың сұрақтарын қоюға мүмкіндігі бар.

Жас түлектер үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Себебі олар еңбек нарығына алғаш рет қадам басып, тәжірибесі бар мамандардан кеңес алады. Бұл жерде студенттер жұмыс берушілермен бетпе-бет сөйлесіп, болашақ мамандығын айқындайды. Жәрмеңке кәсіби бағыт-бағдар беріп, жастардың арманына жол ашады.

Даниял Ғалым, студент

Оқу мамандығым бойынша бастауыш білім беру мұғалімімін. Мында келген себебім, ең бірінші өмірде бірінші таңдаған кезде жарыңды дұрыс таңда дейді, екінші жұмысыңды дұрыс таңда дейді. Сол себепті қызығушылықпен, болашаққа бір кірпіш болып қалану мақсатында осы вакансияларға қызығушылық танытып келіп тұрмын. Егер де әрі қарай мемлекеттік құзырлы органдардан басқа бағыттан мүмкіндік болса, неге болмасқа? Барлық жерде өзіңді көру керек қой. Балалармен жұмыс істеу ұнаса да,өмір бақи солай жүрмейді ғой адам. Мүмкін басқа бағытта ашыламын. Сол себепті керек деп ойлаймын.

Шаһардағы мансап орталығында ай сайын осындай бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Бұл – жүздеген азаматқа еңбек нарығынан өз орнын табуға көмектесетін тиімді жоба.

Сабина Жолдаспаева