Павлодар қаласында Лермонтов көшесі жаңа кейіпке енді. Қалалық реновация екі жылға созылған еді. Оны жаңарту үшін қазынада 6,5 млрд теңге бөлінді. Жобада заманауи урбанистикалық стильде, ландшафттық дизайн мен минимализм элементтері қолданылған. Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, шағын сәулеттік формаларды орнату қалды.
Дильназ Қуанышбекқызы, тілші
Қаламыздың бас көшелерінің бірі Лермонтов көшесіне өзгерістер енгізілді. Мұнда баларлар ойын алаңы, велосипед тұрағы, 167 орындық, жылы аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолы жөнделді. Және көшеге сән беретін түрлі дизайндағы мүсіндер орнатылған. Ал Жөндеу жұмыстарына қала тұрғындарының көңілі тола ма?
Жоба барысында тұрғындар мен кәсіпкерлердің ұсыныстары ескерілді. Көшенің аумағы абаттандырылып, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті жаңартылды, автотұрақтар бар. 255 ағаш, 21 845 бұта және 6 400 м² гүлзар отырғызылып, заманауи суару жүйесі орнатылды. 7 спорт және 7 балалар алаңы пайдалануға берілді.
Жауапты мамандардың мәліметінше, өтініштер уақытылы қаралып, жобаны іске асыру барысында жедел түрде ескерілген. Іргелес аумақтар абаттандырылып, кәсіпкерлік нысандардың сыртқы көрінісі жақсарды, автокөліктерге ыңғайлы тұрақ орындары ұйымдастырылды. Көшеге 20 шағын сәулеттік мүсін орнатылды, ал «PVLD» жазуындағы «D» әрпі бөлшектеп алынды.
Дильназ Қуанышбекқызы