Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл. Осы мерейтойға орай Екібастұз қаласында салтанатты шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен түрлі этнос өкілдері бас қосып, ел бірлігін, татулық пен ынтымақты дәріптеді. Шараға қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер және құрметті қонақтар қатысты.
Достық үйінде 14 этномәдени және қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Мерейтой аясында ұлттық мәдениет пен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Түрлі этнос өкілдерінің тұрмыс-салтын сипаттайтын қолөнер бұйымдары қойылды. Мерекелік кеш тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Маруаш Сағындықова, Екібастұз қаласы аналар кеңесінің төрағасы
Астана қаласынан ҚХА мүшелері келіп, бізді құттықтап, елдегі елеулі істі бірге тойлап жатырмыз. Халық та көңілді, қаншама көңілді шаралар өтіп жатыр. Түскі уақытта достық үйінде үлкен мереке өтті. Барлық жерде әрбір адамның мақсаты, ойы тек қана бірлікте, достықта, сыйластықта. Сондықтан мерекеміздің маңызы да, мазмұны да терең. Елдің амандығы, бақыты, өсуі, жастардың болашағы - бірінші орында. Мереке құтты болсын.
Достық үйінде этностардың тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктер жыл бойы мемлекеттік және ұлттық мерекелерге белсенді атсалысады. Биыл еліміз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының 400-ден астам шарасы өтті. Мерекеге елордадан келген арнайы делегация да қатысты. Олар Екібастұздағы бірлік пен келісім саясатының дамуына жоғары баға берді.
Наргизам Махмұдова, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ Астана қаласы филиалының басшысы
Осы елдімекенде тұрып жатқан этностармен таныстық. Олардың тұрмыс тіршілігін көрдік. Бұл жұмысшылар жыл болғандықтан, Екібастұз қаласы жұмысшыларға толы қала екен. Сондықтан барлық жұмысшыларды құттықтаймыз. Осы өтіп жатқан шара тек қана бір шара емес, бұл идеологиялық жағынан өте жоғары тәрбие мәнге ие. Кіргеннің өзінде қол өнер бар. Қазақи нақышта жасалған бұйымдардың өзі бізге тебіреніс берді. Тұздан дәм тарту өзі ерекше.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин көрмені аралап, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдардың дәмін татты. Жиын барысында шаһар басшысы Ассамблеяның 30 жылдығымен құттықтап, этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан бірлестіктер Екібастұз қаласы әкімінің грантына ие болды.
Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі
Құрметті жерлестер, биыл ҚХА 30 жыл толып отыр. Ассамблея жұмысының негізгі бағыттарының бірі бейбітшілік пен бірлікті нығайту болды. Мемлекет басшысы ассмаблеяның этносаралық келісімді нығайтатын халық дипломатиясының институты ретіндегі маңыздылығын үнемі атап көрсетеді. Әр этностың тіл мен дәстүрге құрметпен қарап, бәрімізді ортақ мақсат біріктіреді.
Мерекелік концертте шығармашылық ұжымдар ұлттық әндер шырқап, би өнерін паш етті. Қала тұрғындары алғыс пен қошемет білдірді.
Сабина Жолдаспаева