Павлодар облысында жол қауіпсіздігін арттыру үшін кешенді шаралар жүргізілді. Тәртіп сақшылар жол ережесін бұзушыларды анықтауға арналған жаңа камералар мен белгілер орнатты. Биыл республикалық, облыстық және аудандық жолдарда тексеру ұйымдастырылды.

Биыл өңірде 4 мыңнан аса жол белгісі орнатылып, 9,5 мың шақырым жолға таңба сызылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасы жалғасады. Қазір шаһарда 420 «Мерген» кешені және 3 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Республикалық маңыздағы автожолдарда орташа жылдамдықты бақылауға арналған «Zerek 2» жүйесі жұмыс істейді. Осы арқылы 26 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды.

Бәкібай Ахмедьянов, Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы

Жол-көлік оқиғаларын азайтып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін кешенді жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Тәртіп сақшылары рейдтер өткізіп, алдын алу шараларын күшейтті. Цифрлық технологиялар енгізіліп, жол ережесін бұзушыларды тез анықтауға мүмкіндік беретін жаңа камералар орнатылуда. Биыл республикалық, облыстық және аудандық жолдарды қамтыған 1345 тексеру жүргізілді. Ұзындығы 25 мың 895 шақырым болатын жолдардың жағдайы бақылаудан өтті. Тексеру кезінде 3880 ақау анықталып, оларды жою бойынша шаралар қабылданды.

Жол қозғалысына бақылауды күшейту үшін тағы 10 «Кибер-Шериф» және 10 «Екин Патруль» мобильді кешені қызмет атқарады. Автокөлік жүргізуді үйрету ісі де бақылауға алынған. Биыл 18 мыңнан астам тұрғын жүргізуші куәлігін алды. Электросамокат пен мопед жүргізушілерінің қатысуымен болатын оқиғаларға байланысты арнайы талаптар енгізілді.

Айбек Рақышев, Павлодар облысы ПД жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы

11 айдың қорытындысы бойынша 1041 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 77 адам қаза тауып, 1500 адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл жол-көлік оқиғасына алып келетін басты себеп-жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы. Өздеріне сенімділігі. Сонымен қатар мас күйінде көлік басқару болып табылады. Апаттық жол деп Павлодар-Семей жолы есептеледі. Жыл басынан бері 12 адам қаза тапты бұл аймақта. Өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Сол үшін бұл аймақты биыл апаттық аймақ деп анқтадык.

Апатты азайту үшін қосымша жаяу жүргіншілер өткелдері, бағдаршамдар мен жарықтандыру орнату жалғасады. Әсіресе білім беру мекемелерінің маңы ерекше бақылауда. Жыл басынан бері 17 бағдаршам іске қосылған. Жоспар бойынша республикалық маңызы бар жолдарда мектептер жанында жаңа бағдаршамдар орнатылады.

Сабина Жолдаспаева