Биыл Павлодар облысында өрт сөндірушілер расталмаған жану туралы шақыртуға 105 рет шыққан. Алайда, бұл хабарламалар жалған деп саналмайды. Себебі тұрғындар қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында құтқару қызметіне жедел хабар берген. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мұндай әрекет – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін айтады.

Мәселен, жылдың басында Павлодарда қазандықтағы өрт туралы хабарлама түскен. Алайда оқиға орнына жеткен мамандар қазандық температурасынан пайда болған табиғи булану ғана болғанын анықтады. Сол сияқты Камзин көшесінде көлік капотының астынан шыққан түтін өрт емес, антифриздің булануы болып шықты. Расталмаған шақыртудың ең жиі себебі – адыраспан түтіні. Оның түтіні қою болғандықтан, тұрғындар өртпен шатастырып жатады. Мысалы, Ақсудағы көпқабатты үйдің кіреберісінен қатты түтін байқалған. Бұл тек «Аластау» рәсімінің салдары екені белгілі болды. Павлодардағы он қабатты үй тұрғындары да осындай жағдайға куә болды. Белгілі болғандай, көршілері адыраспан түтетіп, пәтерді дезинфекция жасаған. Құтқарушылар түтін шығаратын шөптер мен тұрмыстық құралдарды пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді. ТЖД мамандары қажет жағдайда өрт сөндіру қызметіне — 101 немесе 112 нөмірлеріне бірден хабарлауды ұсынады.

Сабина Жолдаспаева