Екібастұзда 103 қызметі подстанциясында жаңа симуляциялық оқу сыныбы іске қосылды. Ол жергілікті медициналық қызметкерлерге жұмыс орнынан ұзақ уақытқа алыстамай-ақ білімдерін жаңартып, жүрек-өкпе реанимациясы мен жедел көмек көрсетудің маңызды дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Жаңа сынып бір ай бұрын ашылған. Оқу кабинеті заманауи құралдармен және тренажерлермен жабдықталған. Медициналық қызметкерлер мұнда теориялық білім алып, қана қоймай, алғашқы көмек көрсету кезінде аса қажет практикалық дағдыларға, яғни тамырға иньекция салу, трахеяны интубациялау мен босандыру секілді күрделі медициналық манипуляцияларды қауіпсіз жағдайда үйренді.

Гүлназ Латыпова, Екібастұз қаласының жедел жәрдем қызметінің меңгерушісі

«Әрбір қызметкер осындай оқытудан міндетті түрде өтуі тиіс. Бұл жұмысқа қабылдау кезінде қойылатын негізгі талап. Әсіресе жас мамандар үшін дағдыларын автоматизмге жеткізу өте маңызды. Осылайша біз көрсетілетін көмектің сапасына кепілдік бере аламыз».

Екібастұздағы жедел жәрдем подстанциясына тәулігіне орта есеппен 120–140 шақыру түседі. Эпидемиологиялық маусымда бұл көрсеткіш 170–190-ға дейін өседі. Сол себепті мамандар үшін Павлодарға бармай-ақ жергілікті жерде оқудан өту әлдеқайда тиімді.Павлодар облысында жедел жәрдем қызметкерлерін тұрақты оқыту жүйесі 2011 жылы енгізілген. Бұл тәсіл өңірлік 103 қызметінің жұмысын айтарлықтай арттырды. Биыл жүрек-өкпе реанимациясымен жасалған манипуляциялардың көрсеткіші 85 пайызға жетті. 20 реанимацияның 17-сі өмірді сақтап қалумен аяқталған.

Ирина Мищенко, Павлодар облысы жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары

«Жедел медициналық көмекті жетілдіру үшін үнемі оқыту қажет. Медицина дамып келеді. Жаңа технологиялар енгізілуде. Біздің барлық қызметкерлер базалық және кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, жарақат кезіндегі көмек көрсету бойынша халықаралық стандарттар бойынша оқытылады.

Оқыту процесіне Қазақстанның жетекші медициналық университеттерінен жетекші тренерлер келеді. Бұл мамандардың кәсіби өсіп, тәжірибені тез әрі сапалы меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар 103 қызметі тұрғындар арасында алғашқы көмек көрсету дағдыларын оқытуға ерекше көңіл бөлуде. Әлемдік статистикаға сәйкес, оқиға орнында уақытында көмек көрсетілген жағдайда зардап шеккендердің 50 пайызының өмірін сақтап қалуға болады.

Ирина Мищенко, Павлодар облысы жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары

«Төтенше жағдай орын алған кезде көбіне адамдарды үрей билейді. Әр жағдай әртүрлі, бірақ ең бастысы — диспетчердің нұсқауын тыңдап, нақты алгоритмді орындау. Біздің оқыту осыған негізделген».

Симуляциялық сынып негізінде 13 мыңға жуық адам оқытудан өтті. Олардың арасында полицейлер, жоғарғы сынып оқушылары, адамдар көп жиналатын ұйымдардың қызметкерлері бар. Курстарда қан кету, талма, бөгде заттың тыныс жолына түсуі сияқты жағдайларда әрекет ету дағдылары үйретіледі. Мамандардың айтуынша, ең бастысы, қажетті қадамдарды ретімен орындау.