Павлодарлық Достық үйінің қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында Қарағанды қаласына арнайы сапар шегіп, жергілікті әріптестердің жылы шырайлы қабылдауында болды. Бұл күн¬ қонақжайлыққа, мазмұнды кездесулерге және өнер мерекесіне толы ерекше сәттермен есте қалды.

Қарағанды қаласындағы Достық үйі – 2017 жылы ашылған, 4 қабатты еңселі ғимарат. Мұнда 24 этномәдени бірлестік жұмыс істеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары орналасқан: Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, «Жомарт жан» клубы, Ассамблея жастары. Кең әрі жарық атриум залында маңызды жиындар мен дөңгелек үстелдер өтсе, 400 орындық концерт залы – рухани шаралардың орталығы. Ассамблея қызметін үйлестіретін бес профильдік бөлім де осында шоғырланған.

Татьяна Гапонова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары

 Сегодня Бүгін біз үшін өте маңызды күн болды. Павлодар облысынан әріптестеріміз келіп, мазмұнды диалог алаңы құрылды. Тәжірибе алмасып, өз жұмысымызды жетілдіруге мүмкіндік алдық. Мұндай өңіраралық кездесулер жинақталған алтын қазына іспетті, білім мен тәжірибені толықтыра түсетін баға жетпес мүмкіндік.

Павлодарлық делегацияны Қарағандының Достық үйінің рухы мен ұлттық нақышқа толы кабинеттері ерекше тәнті етті. Жұмыс барысында екі өңірдің алдағы жоспарлары, бірлескен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.

Нұрия Күбенова, Павлодар облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Біз Қарағандыға өз мәдени жобаларымызды таныстырып, болашақ жоспарларымызбен бөлісуге келдік. Қарағандылық әріптестеріміздің жетістіктерін көріп, жаңа шабыт алдық. Бұл Ассамблеяның 30 жылдығына орай ұйымдастырылған кездесулердің жалғасы. Бұған дейін Абай облысында жастармен өткен шараға қатысқанбыз. Мұндай кездесулер – басқа өңірлердің тәжірибесін көру үшін таптырмас мүмкіндік.

Сапар соңында кездесу концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Павлодар қаласының ұжымына Қарағанды қаласының Достық үйі атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Бұл күн – достық пен татулықтың, рухани жақындастықтың айқын көрінісі болып, екі өңір арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін берді.

Дильназ Қуанышбекқызы