Үш жекпе-жек, қатаң бәсекелестік және әлемдік қола жүлде. Павлодарлық спортшы Кирилл Масленников Австралияда өткен киокушинкай каратэ бойынша Әлем кубогында үшінші орынға ие болды. Бұл – спортшының кезекті халықаралық жетістігі және Әлемдік абсолютті чемпионатқа дайындықтағы маңызды кезең. Жекпе-жек шебері Павлодарға оралып, сапардың егжей-тегжейімен тілшімізбен бөлісті.
Австралияда өткен Әлем кубогы Кирилл Масленников үшін ең тартысты турнирлердің бірі болды. Ол өзінің айтуынша, оңай болмаған үш жекпе-жек өткізді. Жартылай финалда жергілікті спортшыға жол бергенімен, қола жүлде үшін айқаста қазақстандық қозғалғыштығы мен дәл соққыларының арқасында жеңіске жетті.
Кирилл Масленников, әлем кубогының қола жүлдегері
Бірінші жекпе-жегім жапон спортшысымен болды, тәжірибелі қарсылас, тартысты айқас өтті. Бірақ төстің тұсына қолмен тік соққы жасап, оны жеңе алдым. Екінші жекпе-жек жергілікті австралиялықпен болды, бұл да өте ауыр кездесу еді. Ұзақ айқастық, эмоцияға толы, бүкіл дистанция бойынша кернеулі, созылмалы жекпе-жек болды. Үшінші, яғни қола үшін шешуші жекпе-жек тағы да жергілікті австралиялықпен болды, ол – жергілікті чемпион. Мұнда маған қозғалысым көмектесті, белсенді болдым, жиі қимылдап, қарапайым аяққа соққымен оны бұзып өттім, осылайша жеңіске жетіп, үшінші орынды иелендім.
Кирилл жекпе-жек спортына 9 жасында келді, ал 14 жасынан бастап сырт аймақтардағы чемпионаттарға қатыса бастады. Алғашқы ірі жетістігі – Сібір кубогы – оның кәсіби спорттық жолындағы бастау нүктесіне айналды. Содан бері каратэші тұрақты түрде халықаралық жарыстарға қатысып келеді және он жылдан бері жас спортшыларды жаттықтырып жүр.
Кирилл Масленников, Әлем кубогының қола жүлдегері
Қазақстан кубогы, республикалық деңгейдегі сыртқы чемпионаттар. Бәрі жас кезімнен байқалмай басталып, осы күнге дейін жеттім, әлі күнге айналысып келемін. Жаңа нәрселерді үйрену өте қызық, әрі өз тәжірибемді өскелең ұрпаққа – балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге – жеткізіп жүрмін.
Үйге оралғаннан кейін спортшыны әріптестері мен достары салтанатты түрде қарсы алды. Енді Кирилл Масленников 2027 жылы өтетін Әлемдік абсолютті чемпионатқа дайындықты бастайды.
Самал Қалиқызы