Ақсу қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің Өртке қарсы қызмет бөлімшесі қызметкерлері ел аумағында «Газбаллон» республикалық акциясын өткізді. Профилактикалық шара барысында Автомобильге газ құю станциялары мен газбен жабдықтау қондырғылары орнатылған автокөліктер тексерілді.

Рейд кезінде мамандар автокөліктерге арнайы «ГАЗ» тану белгісін орнатып, Газ құю станцияларының қызметкерлеріне газбен жабдықталған көліктерді толтыру қағидалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында бір автокөлік жүргізушісінің бұл белгіні орнатпағаны анықталып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы іс-шара барысында шамамен 30 автокөлік иесі тексерілді.

Сабитхан Мадеев, ТЖД Ақсу қаласының азаматтық қорғау органдарының бастығы

Қазір біз газ қолданатын көліктер мен газбаллон тұрақтарын тексеріп жатырмыз. «ГАЗ» жапсырмалары қажеттігін ескертеміз. Жүргізушілерге газбаллонды қондырғыларға қойылатын қауіпсіздік талаптары, сондай-ақ Жол қозғалысы ережелері мен техникалық регламент бойынша міндетті болып табылатын бұл таңбалардың маңызы түсіндірілуде. Ол көліктің газбен жүретінін көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді

Айта кетейік, 2025 жылы Ақсу қаласы аумағында автокөліктерде 12 өрт фактісі тіркелген, оның 5-еуі газбен жабдықтау қондырғысы бар көліктерге тиесілі. Келтірілген шығын көлемі 9 млн 350 мың теңгені құрады.

Дильназ Қуанышбекқызы