Павлодар облысында «Өнер додасы-2025» байқауы қорытындыланды. Екі ай бойы бақтарын сынаған өңірдің өнерпаздары арасынан үздіктер таңдалды. Қорытынды сында Екібастұз бен Павлодар аудандарының әнші, күйшілері жарысты.
«Шаңырақ» орталығының бастамасымен, Павлодар облысының әкімдігі және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл жоба – мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, ұлттық өнерімізді дәріптеуге бағытталған.
Медет Тауасқан, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы
Бүгін біреу озады, біреу қалады деген үреймен, үміткен келген өнерпаздар сіздер жеңіп отырсыздар. Бірінші айналымнан жете алмағандар да, жеңімпаздар. Бұл жерде әр салада қызмет ететін азаматтар өнер көрсетті. Жанкүйер болып келген азаматтарды көріп те біз шын мәнісімен қуанып жатырмыз.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл жоба – облыс қалалары мен аудандары арасындағы өнер сайысы. Байқау аймақтың рухани өміріне серпін беріп, қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеуге бағытталған. Өнер додасы барысында ән, күй, айтыс, терме, ұлттық би және көне аспаптар сияқты ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды.
Данияр Жұмаділ, «Шаңырақ» орталығының өкілі
Бұл байқау 2 айға созылды. Жеребе тарту, командалардың дайындығы қатысты. Сонымен 13 команда бір айдан астам уақыт бір бірімен жарысты. әр кезеңде жеңген командалар келесі кезеңге жолдама алып жатты. Сонымен 3 кезеңді артта тастап, Екібастұз бен Павлодар ауданы командалары бақтарын сынайды.
Жалпы байқауға өңіріміздің әр қала, ауданынан 13 команда бақтарын сынады. Олар дәстүрлі әнші, айтыс, терме, күй, ұлттық би бағыттары бойынша қатысты.
Айнұр Байжанова, Успен ауданы мәдени бос уақыт орталығының басшысы
2023 жылы бұл байқау басталғанда біз қатысып, бірінші орын алған едік. Биыл да бар күшімізді салып, үшінші орынға ие болдық. 7 бағыт бойынша дайындалдық. Финалда Тереңкөл ауданымен кезедсіп 3 орынға ие болдық.
Айта кетейік, жеңімпаз команда облыстың үздік мәдени ұжымы деген атаққа ие болып, 2 млн теңгелік марапатқа иеленеді. Бірінші орынға 1,5 млн теңге, екінші орынға 1 млн теңге табысталады. 7 аталым бойынша әр команданың жаңалығы болған өнерпаздарға ақшалай сыйлық беріледі.
Самал Қалиқызы