Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мұз үстінде оқу-жаттығу өткізді. Мұздың қата бастаған кезеңінде ұйымдастырылған дайындық - мамандардың кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталды.
Жаттығу барысында суға түсіп кеткен адамды құтқару жағдайы көрсетілді. Құтқарушылар оқиға орнын бағалап, қажетті құралдарды қолданды. Мұзға қауіпсіз шығу және зардап шеккен адамды эвакуациялау тәсілдері пысықталды. Арнайы құтқару жабдықтарын дұрыс қолдануға ерекше мән берілді. Жаттығу барысында жеке құрам жәбірленушіні мұз үстінен шығарып, жағалауға қауіпсіз жеткізу тәсілдерін шыңдады. ТЖД мамандары мұндай жаттығулар құтқару жұмыстарының жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Мамандар облыс тұрғындарына су айдындарында сақ болуды, жұқа мұзға шықпауға кеңес береді. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – төтенше жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы.
Сабина Жолдаспаева