Павлодар қаласы музыкалық колледжінің студенті Жасұлан Түрегелді елдегі үздік студенттердің бірі атанды. Ол – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының арнайы стипендиясына ие болған жалғыз павлодарлық үміткер. Музыкаға деген таланты мен еңбегінің арқасында республикалық деңгейге танылды.

Үздіктерді анықтау бірнеше талап бойынша жүргізілді. Ең бастысы – оқу үлгерімі. Сонымен қатар кәсіби байқаулардағы нәтижелері, ғылыми жұмыстары және қоғамдық белсенділігі ескеріледі. Биыл марапатқа үшінші курс студенті, «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің шәкірті Жасұлан Түрегелді ие болды.

Жасұлан Түрегелді, Павлодар қаласы музыкалық колледжінің студенті

Қор 2010 жылдан бері стипендия тағайындап келеді. Бірақ осы жылы өтінім берушілер 80-нен 40 адамға дейін қысқарды, сондықтан бұл марапатқа қол жеткізу бұрынғыдан да қиын болды. Мен барлық құжаттарды жинадым. Олардың ішінде оқу үлгеріміне қатысты мәліметтер, халықаралық және республикалық сайыстардағы жетістіктерімнің көшірмелері, өзімнің ғылыми жариялануларым болды. Осы арқылы өз кандидатурамды дәлелдеуге тырыстым. Мен музыкамен 12 жыл бойы айналысып келемін. Негізгі аспабым –үрмелі аспап. Қазір 18 жастамын, осы аспапта 7 жасымнан бері ойнаймын. Маған оның үні ұнайды. Сол аспап арқылы өз сезімімді жеткізе аламын.

Жасұлан Түрегелді-халықаралық және республикалық сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол колледждің түрлі шараларында ерікті ретінде де белсенді қызмет атқарады. Барлық көрсеткіш бойынша жоғары ұпай жинап, стипендия лауреаты атанды.

Жасұлан Түрегелді, Павлодар қаласы музыкалық колледжінің студенті

Мен бұған дейін бірнеше рет түрлі байқаулардың лауреаты атанғанмын. Облыстық деңгейдегі сайыстарға сирек қатысамыз, көбіне республикалық және халықаралық конкурстарға барамыз. Биыл Республика көлемінде барлық беделді марапаттарды жеңіп алдым. Жақында өткен республикалық байқауда 200 қатысушының ішінен жалғыз өзім гран-при иегері атандым. Бұл стипендияны алғаныма шын қуандым. Өйткені бұл қордың қолдауы мен үшін мәртебеден гөрі қаражат жағынан маңыздырақ. Біз жиі жарыстарға қатысамыз, сапар шығындары көп.

Астанада өткен марапаттау рәсімі жас музыкант үшін ерекше есте қалды. Жасұлан сахнада музыкалық нөмір орындап, өзінің кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жетістік – оның еңбегі мен талантының жемісі.

Сабина Жолдаспаева