Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты травматологиялық пункттерге түрлі жарақаттармен келушілердің саны айтарлықтай өсіп отыр. Әсіресе қарт адамдар жиі зардап шегеді Мамандардың айтуынша, соңғы тәулікте 100-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. Жалғасы сюжетте.

Облыс орталығында екі негізгі жарақат пункті жұмыс істейді. №1 қалалық және облыстық аурухана. Соңғы күндері жүктеме әсіресе №1 қалалық ауруханада артқан. Мәлімет бойынша, бір тәулікте 89 адам жүгінген. Олардың ішінен 2 науқас травматология бөліміне, 7 науқас политравма бөліміне жатқызылды. Қазір ем қабылдап жатқандардың жағдайы орташа ауырлықта.

Шыңғысхан Күлбеков, №1 Павлодар қалалық ауруханасының травматолог- ортопед дәрігері

Қазір қысқы таманда көктайғақ бастылы жатыр. Соның себебінен адамдар саны да өсіп жатыр. Оның ішінде сыну, кесілу, қол аяқтың шығуы қосылып келе жатыр. Көктайғаққа дейін адамдар саны 50-60 болса, қазіргі таңда 90нан 100 дейін жетеді. Үлкен кісілердің көп жарақаттарының бірі ол орта жіліктің мойынының сынуы, қазір бөлімшеде бірнеше науқастарымыз жатыр. Жастары 70 жоғары,Қазір толықтай тексеруден өткеннен кейін оларға ота жасалды.

Сонымен қатар, дәрігерлердің айтуынша, қазан айынан бері үсік шалу жағдайлары да тіркелген. Бұл көбіне мас күйінде ұзақ уақыт далада қалғандар немесе дала кезіп жүрген адамдар арасында кездеседі. Осы кезең ішінде бөлімшеге 10 адам түскен.

Төлеужан Орумбаев, №1 Павлодар қалалық ауруханасының күйік шалу бөлімінің дәрігері, комбустиолог

Қазан айынан бастап 11 желтоқсанға дейін №1 қалалық аурухананың күйік шалу бөлімшесіне 10 науқас түсті. Олардың ішінде 5 пациентке оперативті ем жүргізілді. Бұл тіндердің зақымдану деңгейіне байланысты аяқ-қолдарды ампутациялау. Ал қалған 5 пациентке консервативті ем жасалып, кейін амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді. Қазіргі уақытта бөлімшеде 4 пациент бар, олардың емделуі жалғасуда.

Мамандар жарақаттанудың алдын алу үшін тұрғындар ауа райына барынша мұқият қарап, қарт адамдарға сырғымайтын табаны бар аяқ киім кию, қажет жағдайда арнайы таяқ немесе тірек пайдалану керектігін ұсынады. Ал жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы кезінде өте сақ болып, жылдамдықты төмендету ескертіледі.

Дильназ Қуанышбекқызы