Сұлтанмахмұт Торайғыров университетінде «Аманат» партиясының «Әйел және ғылым: шексіз мүмкіндіктер» пилоттық жобасы аясында «Қазіргі ғылымның дамуындағы әйелдердің рөлі» атты пікір алаңы өтті. Жиында осы салада еңбек етіп жүрген әйел мамандардың жетістігі, олардың заманауи зерттеулерге қосып жатқан үлесі және сол ортадағы өзекті мәселелер талқыланды.

Жиынның мақсаты – ғылымдағы әйелдердің әлеуетін көрсетіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру. Әйел мамандар басқарып отырған бірқатар жобалардың таныстырылымы өтті. Қатысушылар нәзік жандылардың ғылымға араласуына жасалып жатқан жағдайлармен танысып, қолдау тетіктері туралы пікір алмасты.

Света Абдраманова, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты

Қазіргі заманда ғылыммен айналысамын деген әйел азаматшыларына барлық мүмкіндік бар. оның ішінде әрине қиындықтары бар, шешілмеген сұрақтары бар. Сол жолдың шешуі, қазіргі таңда әйелдерге ғылыммен айналысуға болуын біздің спикерлер айтады деген сенімдемін. Әйел ол тек үймен, отбасымен, баламен айналысатын заман емес. Қазір, әйелдің рөлі ғылымның ішінде де, әлеуметтік жерлерде де, қоғамда да өте ерекше. Әйелдің қолынан бәрі келеді. Әйел заты, әйел азаматы осындай жоғары деңгейде әрі қарай баратынына сенемін.

Қатысушылар ғылым саласындағы әйелдердің кәсіби өсу жолдары, жаңа технологиялар кезеңіндегі орны және оларды қолдау шаралары туралы ой бөлісті. Сонымен қатар инновациялық жобаларда әйелдердің белсенділігі артып келе жатқаны айтылды. Шарада олардың жаңа бастамаларды енгізуге қосып жүрген нақты үлгілері көрсетілді.

Назира Оспанова, С.Торайғыров университетінің ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі

Әрине, қазіргі кезде ғылымда әйел адамдары қауымынан өте көп ғалымдар бар. Ол болу керек деп мен ойлаймын. Әйел адамның ғылыммен бірге жүруі кішкене күрделі. Дегенмен, әйелдер барлық білімдерімен көп жетістіктерге қол жеткізіп, жоғарыдан көрініп жатыр. Қазіргі кезде жасанды интеллет, айти қай сала болмасын барлық салада ажырамас бөлігі болып тұрғаны анық. Мамандығым информатика болғандықтан біз қазіргі заманауи білім беру саласына көптеген үлесімізді қосып келе жатырмыз деп айта аламын. Мен ғана емес, кафедрадамыздағы әйел адамдардың барлығы ғылыми жобалармен айналысады, ғылыми ізденіс жұмыстарын жасайды.

Пікір алаңы ғылымдағы әйелдердің әлеуетін айқындап, оларды қолдаудың маңызын атап өтті. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулерді тұрақты өткізіп, алдағы уақытта медицина саласындағы мамандар үшін арнайы семинарлар ұйымдастыруды жоспарлады.

Сабина Жолдаспаева