Павлодар қаласында үй-күйі жоқ жандарды қабылдайтын орталық жұмыс істейді. Ауа райының суытуына байланысты бұл орталыққа келетін адамдар саны да артты.
Бұл өмірде қиын жағдайға тап болған тұлғаларды әлеуметтендіру орталығы. 4 қабатты мекемеге аязды күні 10-15 адам келіп түседі. Полиция қызметкерлері үй-күйсіз жүрген азаматтарды анықтап, орталыққа әкеледі. Осындай кезекті рейд облыс орталығында ұйымдастырылды.Жертөле, құбыр, жылы аялдамалар мен қала көшелеріндегі жылу магистралі маңайын тексерді. Биыл тәртіп сақшылары тұрғылықты тұратын жері жоқ 3645 азаматты әлеуметтендіру орталықтарына орналастырды. Қабылдау-тарату орны тәулік бойы жұмыс істейді. Ал, келушілер саны көбейіп кеткен кезде бір күн түнеп шығатын бөлмелер де бар екен. 3 мезгіл тегін тамақ беріледі. Спорт зал, кітапхана, жуынатын бөлме бар. Сондай-ақ құжатсыз қалған азаматтарға әлеуметтік қызметкерлер куәлік пен қажетті анықтамалар алып беруге жәрдемдеседі.
Әйгерім Тоқпанқызы