Отбасыдағы тыныштықты бұзатын негізгі себептердің бірі – ішімдіктің әсерінен туындайтын жанжал. Тәртіп сақшылардың айтуынша, өңірде тіркелген 132 қылмыстың елу пайызына жуығы дәл осындай жағдайда жасалған. Көбіне тұрмыстық қиындықтар мен өзара түсініспеушілік қылмысқа әкеледі.

Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқықбұзушылықтар азаймай тұр. Биыл қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 2,3 пайызға өскен. 132 деректің 82-сін жұмыссыз бос жүрген азаматтар жасайды екен. Тағы төрт қылмыс – бұрын сотталған азаматтардың әрекеті. Мамандар әлеуметтік жағдайы қиын адамдардың жауапсыздығы мен ішімдікке тәуелділігі осындай оқиғалардың жиілеуіне себеп болатынын айтады.

Индира Жүсіпова, Павлодар облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы

Отбасылық-тұрмыстық салада кісі өлтіру фактілері биыл көбеймеді, көрсеткіш өткен жылмен бір деңгейде қалды. Орта ауырлықтағы дене жарақаттары 21-ден 15 жағдайға азайды. Жеңіл жарақат келтіру 14-тен 13-ке төмендеді. Соққы беру деректері де 41-ден 32-ге қысқарды. Алайда ауыр дене жарақаттары 24-тен 30 фактіні құрады. Оның ішінде өлімге әкелген қылмыстар 6-дан 12 жағдайға дейін көбейген.

Индира Жүсіпова биыл тіркелген ауыр қылмыстардың мән-жайына да тоқталды. Полицейлердің айтуынша, мұндай оқиғалардың көбі бақылауда тұрған адамдардың жауапсыз әрекетінен болады.

Индира Жүсіпова, Павлодар облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы

Павлодар мен Ақсуда екі ауыр қылмыс тіркелді. Екі жағдайда да бірге тұратын азаматтар ішімдік ішкен және профилактикалық есепте тұрған. Өкінішке қарай, олардың әрекеті адам өліміне әкелген. Осы факті бойынша учаскелік инспектор мен бөлім басшылығына қызметтік шара қолданылды.

Есепте тұрған азамат мекенжайын ауыстырған. Учаскелік инспектор тексеруге барғанымен, ол жаңа мекенжайын хабарламаған. Ал ондай тұлғалар аптасына бір рет полицияға белгі қоюға міндетті.

Мамандар жапа шегушілер жіберетін қателердің салдары да ауыр болатынын айтады. Көп жағдайда мәселенің ушығуына үнсіздік пен уақытында көмек сұрамау себеп болады.

Индира Жүсіпова, Павлодар облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы

Қорлық көрген жандар көп жағдайда полицияға уақытында жүгінбейді. Психологиялық қысым көрсетіледі. Қатты масайып, үйдегі заттарды сындырып, қорқытып, балағаттайды. Ең үлкен қателік – дер кезінде көмек сұрамау. Біз әрдайым: жанжал шықса, дереу полицияға жүгініңіз дейміз. Татуласамын деп, мәселені әрі қарай ушықтырып алатындар көп.

Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 4 177 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 4 319 тұлғаға қорғау нұсқамасы берілген.

Индира Жүсіпова, Павлодар облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің инспекторы

Полицияның өтініші бойынша сот 1 037 құқық бұзушыға арнайы талаптар белгіледі. Оның ішінде 1 032 адамға алкоголь ішуге тыйым салынды. Арнайы талаптарды бұзған 942 адам жауапқа тартылды. Биыл сәуірден бастап агрессорларға психологиялық көмек көрсету тәжірибесі енгізілді. Сот 42 адамға міндетті түрде психологиялық ем қабылдауды жүктеді. Оның 10-ы курсты аяқтады, жетеуі қазір ем қабылдап жүр.

Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге Павлодардағы кризистік орталығы, «Ана үйі» қоғамдық қоры мен «Қорғау Астана» жеке қоры көмек көрсетеді. Сондай-ақ, өңірде «зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы өтті.

Сабина Жолдаспаева