Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін атап өтті. Ән мен би, көңілді шаралардан гөрі Егемендік жолында құрбан болған жандарды еске алып, тағзым етуге баса мән берілді. 16-желтоқсан күні қала тұрғындары қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке келіп, гүл шоқтарын қойды.

Азаттық кез-келген халық, ұлт үшін ұлы ұғым. Әсіресе қазақ халқына өте қасиетті. Егенмендік бір күнде, бір сәтте келе қойған жоқ. Осы жолда от кешкен ұлттың ұландары аз емес. Жиналған қауым әуелі олардың рухын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Тәуелсіздік мерекесін аста – төк тоймен емес, бимен емес, әнмен емес еске алумен өткізу керек. Зиялы қауым өкілдер және өңір басшылығы қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрбандардың рухына тағзым етті.

Тәуелсіздікке жету жолында қазақ талай нәубетті бастан кешірді. Азаттықтың ақ таңына халқымыз қалай жеткенін өскелең ұрпақ білуі тиіс. Биыл Қазақстан тәуелсіздігін алып, егеменді ел атанғанына 34 жыл.

Айман Зейнулина, филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Тәуелсіздік біздің қазақ елі үшін қастерлі ұғым. Дәл бүгін 16 желтоқсанда бүкіл Ертіс-Павлодар өңірінің адамдары осы күнді ұлықтау үшін осы алаңға жиналып, тағзым етуге келіп отырмыз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болу үшін біздің қазақ елінің тілі, салт-дәстүрі, тарихымен діні, жалпы ұғымы болмысы жасампаз болу керек. Бүгінгі тарих тағылымы ертеңгі болашақ біздің қазақ елінің ұрпағына сабақ. Үлгі өнеге. Сондықтан құрметті жерлестер, бір жағынан сол тәуелсіздік үшін күрескен қаһармандарды еске алу соларға тағзым болса, екінші жарқын болашағымыз үшін келген тәуелсіздік күні құтты болсын. Туымыз мәңгі желбіреп тұрсын. Адал азамат, адал еңбек, қазақи болмыс ұлттық мақтанышпен өмір сүруге барлығымыз еңбек етуге күш жігерімізді жұмсай берейік. Ел аман жұрт тыныш болсын. Тәуелсіздік тұғыры берік болсын.

Тәуелсіздік - біздің басты байлығымыз. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы.

Әйгерім Тоқпанқызы