Павлодар облысы Полиция департаментінің аға инспекторы Индира Жүсіпова «Үздік маман» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Байқау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасында өтті. Ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінде қызмет атқарады.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінде мұндай байқау соңғы 20 жылда алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқысы – спорттық сынақ, екіншісі – шығармашылық бағыт бойынша өтті. Республика бойынша 20 өңірден қатысқан мықты мамандардың арасынан павлодарлық инспектор топжарып жеңіске жетті. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдерді қорғау саласындағы ең кәсіби дайындалған маман ретінде танылды. Индира Жүсіпованың бұл жеңісі – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік.
Индира Жүсіпова, Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы
Бұл байқау елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың қаншалықты өзекті екенін көрсетті. Байқау барысында әйелдерді қорғауға бағытталған көптеген бейнероликтер ұсынылды. Сондықтан мұндай сайыстар бізді одан әрі ынталандырады, күш-қуат пен жігер береді.Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Байқау жоғары деңгейде өтті.
Индира Жүсіпова үшін отбасыдағы береке мен тыныштық – басты құндылық. Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Айта кетейік, биыл Павлодар облысында 4 мың 300-ден астам отбасыға қорғау нұсқамасы шығарылған екен. Республикалық байқауға Индираның әріптесі Арина Мусина да қатысты.
Арина Мусина, байқауға қатысушы
Жалпы енді әр облыстан мықты мықты деген командадан әріптесім алға шықты.Біраз уақыт дайындалдық. Жалпы өзім туралы айтатын болсам бірінші қатысып лтырмын. Алдағы уақытт аболса тағы қатысамын.
Мамандардың айтуынша, мұндай республикалық байқаулар кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударуға мүмкіндік береді. Ал павлодарлық инспектордың жеңісі – өңір полициясының абыройын асқақтатқан маңызды жетістік.
Дильназ Қуанышбекқызы