Қолайсыз ауа райына байланысты Павлодар облысында бірқатар автокөлік жолдары уақытша жабылды. Соның салдарынан бүгін жолда қалған жолаушылар қауіпсіз орындарға орналастырылды.

Ақсу қаласында орналасқан жылыту пунктіне екі шағын автобустың жолаушылары жеткізілді. Олар Өскемен – Степногорск және Өскемен – Қарағанды бағыттары бойынша жолға шыққан. Ауа райының нашарлауына және жолдардың жабылуына байланысты 18 адам балалар шығармашылығы үйінің ғимаратындағы жылыту пунктіне уақытша орналастырылды. Жолаушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Оларға ыстық тамақ пен сусын беріліп, демалуға және түнеуге барлық жағдай жасалды. Жолдардың ашылуын жолаушылар жылы әрі қауіпсіз жерде күтті. Жол қозғалысына рұқсат берілгеннен кейін шағын автобустар өз бағыттары бойынша жолдарын жалғастырды. Одан бөлек, өңірде дауылды ескерту жарияланды.16 желтоқсан күні Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде түнде қар жауып, бұрқасын күтіледі. Күндіз де қар жауады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні кей жерлерде секундына 15–20 метрге дейін жетеді деп болжануда.

Сабина Жолдаспаева