Павлодар қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шығармашылық фестиваль өтті. Жас өнерпаздар ән шырқап, өлең оқып, би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

«Менің Қазақстаным» фестивалі алда келе жатқан Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды. Барлық қатысушылар туған елге деген сүйіспеншіліктерін өнерімен көрсетті.

Әлия Рахимова, Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары

Аталған фестиваль аясында үш номинация қарастырылған: әдеби шығармашылық және көркемсөз оқу, ән мен би, сондай-ақ бейнелеу өнері. Фестиваль балаларды әлеуметтендіруге және олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған. Шараға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының тәрбиеленушілері қатысты. Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталады.

Бұл ерекше балаларға арналған алғашқы сайыс. Сондықтан олардың көпшілігі сахнаға шығар алдында қатты қобалжыды. Мұндай шығармашылық кездесулер балалар үшін өте пайдалы.

Анна Савкина, Павлодар қаласының тұрғыны

Балалар сахнада ашылады. Олар өзгелерден еш кем емес, тек әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Біз бұл орталыққа келіп жүргенімізге екі жыл болды. Мұнда балалардың әлеуметтенуіне үлкен қолдау көрсетіледі.

Алдағы уақытта фестиваль жалғасын тауып, ауқымы кеңейе түспек. Ұйымдастырушылар келешекте қатысушылар санын арттыруды жоспарлап отыр.

Әйгерім Тоқпанқызы