Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» орталығында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың «Ол көктем оралмайды» атты ән-жыр кеші өтті. Тағылымды кешке еліміздің белгілі ақын-жазушылары, өнер және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Қасымхан Бегманов – елге кең тараған көптеген ән мәтіндерінің авторы. Ақынның шығармашылық өмірбаяны ұлттық және қазақ әдебиеті энциклопедияларында қамтылып, топтама жырлары қазақ поэзиясының антологиясына енген. Сондай-ақ оның өлеңдері қазақ және өзбек тілдеріндегі орта мектеп оқулықтарына енгізілген. Бұл – ақын шығармашылығының кең тынысын айқындайтын айқын көрсеткіш.

Қасымхан Бегманов, Қазақстан жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бүгін тек менімен ғана емес, қазақтың көрнекті жазушысы Нұрдаулет Ақышев бастаған осында керемет ақын жазушылар, зерттеуілер келіп отыр. Бүгін алла қаласа сағат үште Қазақстан жазушылар одағының ТМД елдеріндегі мұрағаттармен жұмыс жасау ісі жөніңдегі үлкен жоба 15 елге жазушыларымыз барып, 15 кітаптың С.Торайғыров атындағы кітапханада тұсауын кесетін боламыз.

Айта кету керек, бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Былтырдан бері жүргізілген жүйелі еңбектің нәтижесі ретінде жарық көрген еңбектер – ұлттық әдеби мұрамызды түгендеуге бағытталған маңызды қадам.

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

Құрметті қауым, осындай мағыналы шараға қатысты ақынның поэзия әлеміне бірге ену бәріміз үшін қуаныш. Қасымхан аға сізге шабыт, тыңдаушыларға рухани ләззәт тілеймін. Елдің атынан сізге шапан және астыңызға бір ат.

 Кеш барысында ақынның жүрек тербеген өлеңдері оқылып, белгілі композиторлардың әндеріне жазылған шығармалар орындалды. Әдеби-сазды кеште замандас ақындар мен өнер қайраткерлері Қасымхан Бегмановтың шығармашылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салып, оның қазақ поэзиясындағы айрықша орнына тоқталды. Көрермен қауым әрбір туындыны ыстық ықыласпен қабылдап, рухани әсер алды.

Дильназ Қуанышбекқызы