Тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, бүгінде ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі Павлодар облысының сүңгуір-құтқарушысы Данил Соловей. Қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін бұл мамандық нағыз батылдықты талап етеді. Тәуелсіздік құрдасының ерлікке толы еңбегі жайлы тілші материалында.

Данил Соловей азаматтық қорғау органдарында 2023 жылдан бері қызмет етеді. Бұған дейін ол 15 жыл бойы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде еңбек еткен. Әскер қатарында тәртіпке үйреніп, төтенше жағдайларда жұмыс істеу тәжірибесін жинаған. Қазір сол білімі мен машығы адамдардың өмірін сақтауға көмектеседі.

Данил Соловей, Павлодар облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының сүңгуір-құтқарушысы

Бұл менің жұмысым, әрі мен өз ісіммен мақтанамын. Адамдарға көмектескенді жақсы көремін. Менің негізгі бағытым сүңгуірлік қызмет. Біз Ертіс өзенінде адамдарды құтқарумен айналысамыз. Әрбір сүңгуір техника мен адам физиологиясын жақсы білуі керек. Физикалық дайындық та өте маңызды. Себебі құтқару жабдықтары ауыр. Тыныс алу аппараты мен басқа да құралдардың салмағы 35 келіден асады. Оған қоса зардап шеккен адамның салмағы мен су ағысының күшін ескеру қажет. Сондықтан үнемі дайындықты жетілдіріп отырамыз. Қызмет еткен екі жарым жыл ішінде құтқарылған адамдардың нақты санын есептемейміз. Алайда олардың саны көп. Оның ішінде балалар да бар. Әсіресе жағажай маусымында жұмыс қарқынды болды. Күн сайын дерлік судағы оқиғаларға шығып, көмек көрсеттік.

Судағы құтқарушылардың әрбір жұмыс күні жүйелі дайындықтан басталады. Олар теориялық білімін жетілдіреді. Жаттығулар жасап, тәжірибелік дағдыларын дамытады. Данил Соловей ел тәуелсіздігі жылдарында азаматтық қорғау саласында болған оң өзгерістерді ерекше атап өтті.

Данил Соловей, павлодар облысы Тжд жедел-құтқару жасағының сүңгуір-құтқарушысы

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінен бері Қарулы күштер мен азаматтық қорғау саласы айтарлықтай дамыды. Бұрын жұмыс істеген әскери салада да, қазіргі қызметімде де үлкен өзгерістерді байқаймын. Аз уақыттың ішінде жаңа техника мен заманауи құтқару құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл адамдардың өмірін сақтауда жұмысты едәуір жеңілдетеді.

Данил Соловейдің жұбайы Павлодар қаласындағы жедел-құтқару жасағында қызмет етеді. Ерлі-зайыпты бір бөлімшеде еңбек еткенмен, кезекшілікке ауысымда шығады. Ал олардың қызы ата-анасының жауапты әрі қауіпті мамандықты таңдағанын мақтанышпен айтады.

Сабина Жолдаспаева