Өңірде барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отыр. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,8% құрады.Толығырақ тілші сюжетінде.
Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,5 трлн теңгеден асты және бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға жоғары. Өсім сумен жабдықтау, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ электрмен жабдықтау салалары есебінен қамтамасыз етілді. Қалалар мен аудандарда көрсеткіштердің төмендеуі тіркелген жоқ. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 4,0 трлн теңге деңгейінде болады деп күтілуде.
Ирина Назарчук, Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 8,2%-ға артып, 523,2 млрд теңгені құрады. Жыл қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 107,3% деңгейінде болжануда. Инвестиция тарту бойынша жоғары қарқын байқалады - өңір экономикасына 1,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, өсім 150,1%-ды құрады. Жыл соңына дейін инвестициялар көлемін 1,2 трлн теңге деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда.Құрылыс жұмыстарының көлемі 398,8 млрд теңгеге жетіп, 21,4% өсімді құрады. 395 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдық жоспарды орындау үшін әлі де 175 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қажет.
Ішкі сауда көлемі 17,2%-ға өсіп, 1,9 трлн теңгені құрады. Бөлшек сауда айналымының өсімі - 7%, көтерме сауда - 25%. Көлік және байланыс салаларындағы өсім 9,7% және 9,1% болды. Бюджеттің орындалуы бойынша облыс кірістері 95,3%-ға, шығыстары 89,6%-ға орындалды. Жыл қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуы 97,8% деңгейінде болжануда. Сондай-ақ 2026 жылға арналған бюджетті қалыптастыру тәсілдері жеке атап өтілді.Бюджетті жоспарлау кезінде ең алдымен басым бағыттағы шығыстарды ескеру қажет. Күрделі және стратегиялық жобаларды қаржыландыру нақты әрі экономикалық тұрғыдан негізделген болуы тиіс деді облыс әкімі.
Самал Қалиқызы