Ертіс ауданында өткен он айда 43 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның 29 миллиарды өсімдік шаруашылығына тиесілі. Биылғы жылдың өзге де әлеуметтік - экономикалық көрсеткіштері жайлы аудан әкімі Нығман Жүсіпов орталық коммуникациялар алаңында баяндады.

Ертіс ауданы биыл 325 мың гектар алқапқа тұқым септі. Оның 217 мыңы астық алқаптары. Майлы дақылдар алқабы 40 пайызға ұлғайтылып, 78 мың гектарға жеткізілді. Өнімділік орта есеппен гектарына 15 центнерді көрсеткен. Ауданда егістік алқаптарын әртараптандыру жұмысы ббиыл айрықша қолға алынды деді аудан әкімі. Сондай-ақ, суармалы алқапты ұлғайту ісіне де баса назар аударылыпты.

Қазір қала болсын, аудан болсын дамудың негізгі көрсеткіші инвестициямен өлшенетініні белгілі. Ертіс ауданы бұл бағытта да олжалы. 22 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және жеке кәсіпкерлік салаларға қан жүгірді.

Көлік жолдары да жөнге келтірілуде. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен 3,6 млрд теңге бөлініп 10 жоба бекітілген. Осылайша ауыларалық және кірберіс жолдар қалыпқа келген. Әсіресе алыстағы Амангелді ауылына жол жетіп, пайдалануға берілді. Ал, бонустық трансферттер арқылы 313 млн теңге бөлініп, Ертіс, Байзақов, Северное ауылдарының көше жолдары жөнделген. Бұдан бөлек халықты ауызсумен қамту жұмысы да қарқынды.

Сондай-ақ, аудан тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясы аясында да ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген.