Шарбақты аудандық ауруханасына соңғы екі жылда 15-ке жуық маман келген. Қазір ауданға отоларинголог және онколог мамандары қажет. Толығырақ тілші сюжетінде.
Евгений Малюк Шарбақты аудандық ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарға көмек қолын ұсынады.
Евгений Малюк, Шарбақты аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері
Мен Шарбақты ауданының тумасымын. Осында дүниеге келіп, осында №1-ші мектепті аяқтадым. Кейін медициналық колледжге оқуға түстім. Оны аяқтай салысымен бірден ауданға қайта келіп, жедел жәрдем қызметіне медициналық маман ретінде жұмысқа орналастым. Одан соң Семей медициналық университетіне түсіп, оны да аяқтап қайта ауданға келдім.
Учаскесінде 1900-ға жуық адам бар. Сол азаматтарды қабылдау, ем жазу, диспансерлік есепке алу, жолдама берумен айналысады.
Евгений Малюк, Шарбақты аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері
Тұрғындар түрлі сұрақтарымен жүгінеді. Көбінесе жөтел, созылмалы аурулары барлар келеді. Біз тек бір қарап қоймаймыз ғой, ары қарай диспансерлік есепте тұрғындарды бақылаймыз. Күнде хабарласып, жағдайларын сұрап, қабылдауға шақырамыз. Одан кейін өзім барып үй-үйді аралаймын. Учаскемде 1900-ға жуық адам бар.
Аудандық ауруханаға жұмыс істеуге келген мамандарға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. 8,5 млн теңге көлеміндегі қомақты көтермеақы да төленді.
Евгений Малюк, Шарбақты аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері
Мен мында жұмысқа орналасқаным үшін, мемлекеттік көмек көрсетілді. Алдымен, әріптестерім, жақсы қарсы алып, қолдау білдірді. Фельдшер болып келгенде мемлекеттік бағдарлама аясында үй алдым. Жеңілдетілген несиемен. Әрі қарай тұрамын осы үйде, ақшасын төлеп отырмын. Мен өзім осы жердің тумасы болғандықтан, осында келгім келді. Бұл менің үйім. Мында барлық жақындарым тұрады. Ауданымызды жақсы көрем, оның дамығанын қалаймын.
Шарбақты ауданына 2024 жылы 6 дәрігер келді. Олардың бәрі де тиісті субсидияларға ие болды. Ал, биыл аудандық аурухана тағы 9 дәрігермен толықты. Олардың 7-еуі қаржылай көмекті алды. Ауданға қазір отоларинголог, онколог дәрігерлері қажет.
Самал Қалиқызы