Ақтоғай ауданы, Әуелбек ауылы Қабдыкәрім Ыдырысов атындағы орта мектепте Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған конференция өтті. Шараға аудан мектептерінің ұстаздары мен оқушылары, облыс орталығынан барған педогогтар мен универитет оқытушылары қатысты.
Жиналғандар алдымен көрмені тамашалады. Онда Абай әлеміне үңілген ұстаздар мен оқушылардың жұмыстары топтастырылған. Қолдан тоқылған данышпанның портреті, заманауи технология аясына сыйдырылған Абай шығармашылығы. Сондай-ақ, оқушылардың Абай шығармашылығына негіздеп көптеген көркем суреттері топтастырылған. Адамның әр түрлі кездері мен табиғаттың сырлы бояуын жеткізген жұмыстар көпшілікке ұсынылды. Көрмені тамашалап болған соң конференция қонақтары мәжіліс залында бас қосты.
Райса Жақбаева, Қ. Ыдырысов атындағы ЖОББ мектебінің басшысы
Абай халқымыздың рухани жаңғыруының символы. Оның қара сөздері мен өлеңдеріндегі адам болмысы, білім мен ғылымның құндылығы, ізгілік пен еңбек туралы ұстанымдар ғасырлар өтме де өзекті болып қала береді. Бүгінгі конференция сол асыл мұраны жаңа қырынан зерделеу, зерттеу, ой бөлісу алаңы.
Конференцияда «Абай Құнанбайұлы - тарихи тұлға, әдебиетші», «Абайтану арқылы оқушылардың креативті ойын дамыту», «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыту арқылы оқушыларды көркем әдебиетті сүюге баулу» сияқты тақырыптарда баяндама оқылды.
Бағда Қазиева, Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназия директорының орынбасары
Облыстық білім басқармасының «қала-ауыл» деген жобасы бар. Қаланың мектебі белгілі бір ауданның мектебіне қолдау көрсетуі керек. Абай мектебі Ақтоғай ауданының білім беру мекемелерімен жұмыс істеуде. Біз тек қана бірлесіп іс-шара өткізбей, бір-біріміздің сабағымызға қатысып, басқа пән да пән мұғалімдерінің жұмыс жүйесінің қалыптасуына, қала мектебінің ауылға барып немесе ауыл мектебінің қалаға келіп сабақ өткізуіне жол ашып, бірлескен жұмыстар атқарып жатырмыз.
Ақтоғай ауданында Абайдың 180 жылдығын өткізу жолында ауқымды жоспар жыл басында құрылған. Бұл конференция сол шаралардың бәрінің қорытындысы деуге де болады.
Риза Маней, Ақтоғай ауданы білім беру бөлімінің әдіскері
Түрлі іс-шаралар, сахналық қойылымдар, әдеби кештер, көркемсөз оқулары, кітапханадағы кешкі оқылымдар сияқты түрлі с-шаралар өткізілді. Қорытынды ретінде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп отырмыз.
Конференция соңында Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шараларға белсенді қатысқан ұстаздар мен оқушылар марапатталып, оларға әдеби көркем кітаптар, абайтану ғылымы бойынша жазылған іргелі еңбектер сыйланды.