1 қаңтардан бастап елімізде айлық есептік көрсеткіш мөлшері 4 мың 325 теңге болып белгіленеді. Осыған байланысты жеке басын куәландыратын құжаттарды беру үшін алынатын мемлекеттік баж мөлшерлері де жаңарады.

Паспорт үшін мемлекеттік баж құны бет санына қарай есептеледі. 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік құжат – 17 мың 300 теңге. 36 беттен тұратын паспорт – 34 мың 600 теңге, ал 48 беттік паспорт үшін 51 мың 900 теңге төленеді. Жеке куәліктің мемлекеттік бажы – 865 теңге. Егер құжат бір жылдың ішінде екі реттен көп жоғалса, төлем мөлшері 3 мың 932 теңгені құрайды.Ал азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен жол жүру құжаты үшін мемлекеттік баж – 31 мың 456 теңге. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап жеке басын куәландыратын құжаттарды беруге қатысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіледі. Жеке куәлікті алғаш рет алатын азаматтар мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Бұл талап 16 жасқа толғандарға, бұрынғы КСРО паспортының негізінде құжат алатындарға, азаматтық қабылдаған адамдарға және жеке куәлікті мерзімі аяқталуына байланысты ауыстырғандарға қатысты. Ал жеке куәлікті бір жылдың ішінде екі реттен көп жоғалтқан жағдайда, мемлекеттік баж мөлшері бұрынғы 0,2 АЕК орнына 1 АЕК болып белгіленеді. Яғни, 4 мың 325 теңге төлеу қажет болады. Қабылданған өзгерістер негізгі құжаттарды алу тәртібін жеңілдетуге, азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға және жеке құжаттарға жауапкершілікпен қарауды күшейтуге бағытталған.

Сабина Жолдаспаева