Өңірде «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында кезекті жаңа өртке қарсы бекет пайдалануға берілді. Бұл жолы құтқару пункті Успен ауданы Галицкое ауылында ашылды. Жаңа нысан шалғай елдімекендерде өрт қауіпсіздігін күшейтуге және төтенше жағдайда жедел әрекет етуге бағытталған.

Төтенше жағдайлар министрлігі елдімекендерде өрт қауіпсіздігін қаматамасыз ету үшін кешенді шараларды қолға алды. Бұл жергілікті билік пен кәсіпкерлердің қолдауымен белсенді жүргізілуде. Галицкое ауылындағы жаңа өртке қарсы пункт оқыс оқиғаларда, өрт пен төтенше жағдай орын алған кезде жедел әрекет ету үшін қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Мұнда бастапқы өрт сөндіру құралдары, заманауи байланыс жүйелері, сондай-ақ өрт-техникалық жабдықтармен, арнайы киім-кешекпен жабдықталған «Урал» базасындағы өрт автоцистернасы бар. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрт техникасын орналастыру үшін жылы бокс пен кезекші жеке құрамға арналған қызметтік бөлмелер ұсынылды. Галицкое ауылы көршілес Новопокровка ауылындағы өрт қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Жалпы, өңірде 79 өртке қарсы пункт бар.

Әйгерім Тоқпанқызы