Ертіс ауданына қарасты Ағашорын ауылында жаңа өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Нысан ауылдық жерлерде өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға қарсы жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, үш елді мекеннің қауіпсіздігін күшейтеді.
Өрт сөндіру бекеті Ертіс ауданының жергілікті атқарушы органдарының ат салысуымен және «Замандас» ЖШС-нің қолдауымен ашылды. Пункт толықтай техникамен, байланыс құралдарымен және өртті бастапқы кезеңде сөндіруге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Бөлімшеде өрт-техникалық жабықтарымен және жауынгерлік киім жиынтықтарымен жасақталған ЗИЛ-130 өрт сөндіру автокөлігі бар.
Сонымен қатар «Замандас» ЖШС жедел әрекет ету үшін бір жүк тиегіш пен екі трактор бөлді. Сондай-ақ өрт автоцистернасына арналған жылы бокс жабдықталды.
Пункт жалпы саны шамамен 1 500 адамды құрайтын Ағашорын, Ленино және Ұзынсу ауылдарына қызмет көрсететін болады.
Бүгінде Павлодар облысында 256 елді мекенде жалпы саны 122 мың адамның қауіпсіздігі үшін 79 өртке қарсы пункт жұмыс істеп тұр.