Железин ауданы Мыңкөл ауылында спорт залы пайдалануға берілді. Бұл ауыл халқы көптен күткен қуанышты оқиға. Бұған дейін оқушылар қыс мезгілінде дене шынықтырумен толыққанды айналысу мүмкіндігінен қағылып еді. Сабақ кабинетте, әрі қолайсыз жерде өтетін.
Мыңкөл ауылындағы мектеп 2012 жылы салынды. Алайда спорт залы болған жоқ. Мемлекеттік қолдау көрсетіліп, мектепке қосалқы ғимарат салынды. Енді шәкірттер жылы, заманға сай залда шынығып, қосымша үйірмелерге барады.
Бауыржан Әміров, Мыңкөл негізгі жалпы білім беру мектебінің басшысы
Қазіргі уақытта қуаныштымыз спорт зал ашылып, балаларымыз спортпен шұғылданып, денешынықтыру сабақтары спортзалда өтіп, бұрын спорт зал болған жоқ. Мектеп ғимараты 12 жылы салынды. Оған дейін бізде спорт зал болған жоқ. Балалар кабинетте, тоғызқұмалақ, шахмат ойнап, қазір дәстүрлі түрде физкультурамен айналысып, өте қуанышымыз бізге нысан салып, баскетбол, волейбол ойнауға болады. Өте қуаныштымыз бәріне, рақмет. Ауылдың халқы да қуанышты бәрі.
Есігін айқара ашқан нысанның қабырғасында алғашқы күнінен волейболдан турнир ұйымдастырылды. Оған көрші елдімекеннен спортшылар қатысып, зал мүмкіндігін көрді.
Даниил Ткаченко, Михайловка ауылының тұрғыны
Спорт залын салу өте жақсы әрі орынды шешім болды. Себебі жастар спортқа көбірек уақыт бөлуі керек. Енді ауыл тұрғындары бос уақытында келіп, дене шынықтырумен айналыса алады. Бұл ауыл үшін үлкен мүмкіндік. Ауыл дамып келеді, жастар көп. Оларды дамыту қажет. Жастар жарыстарға қатысып, белсенді болуы тиіс.
Қазір мектепте 51 оқушы білім алады. Сондай-ақ мектепалды шағын орталыққа 15 бүлдіршін барады. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ашылған маңызы бар әлеуметтік нысан ауылдағы ағайынды қуанышқа кенелтті.
Әйгерім Тоқпанқызы