Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Павлодарда ерекше көрме ұйымдастырылды. Павел Васильев атындағы музей-үйінде көне шырша ойыншықтары жұрт назарына ұсынылды. Көрме қала тұрғындарының жеке коллекцияларынан жиналған бұйымдармен ерекшеленді.
Шаһар тұрғындары жаңа жыл қарсаңында шырша ойыншықтарының көрмесін қызығушылықпен тамашалады. Мұнда әр кезеңге тән жаңа жылдық ойыншықтар мен мерекелік ашықхаттар қойылған. Экспозицияны ата-аналар балаларымен бірге аралады. Өткелі тұрған жылды жеткен жетістіктерімен бөлісті. Көрме келушілерге жылы сезім мен жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады.
Закия Мерц, Павел Васильев музей-үйінің басшысы
Бұл көрмені ұйымдастыру ойымыз жаз мезгілінде пайда болды. Сол кезде мұражайымызда кеңес дәуіріндегі балалар ойыншықтарының көрмесі өткен еді. Келушілер жаңа жылдық ойыншықтарға арналған көрме бола ма деп жиі сұрай бастады. Осылайша, біз қала тұрғындарына хабарландыру беріп, өз үйлерінде сақталған көне ойыншықтарды әкелуді ұсындық. Көрмедегі бұйымдардың барлығы музей қорынан емес, тұрғындардың жеке коллекцияларынан жиналды. Сондықтан мұнда үйдегідей жылы әрі жайлы атмосфера сезіледі.
Сабина Жолдаспаева, тілші
Бұл көрмеде 200-ден астам көне жаңа жылдық ойыншық қойылған. Солардың ішіндегі ең ескісі мына қолымдағы 1960 жылы жасалған Аяз ата ойыншығы. Оны қала тұрғыны Елена Потихова музейге табыстады. Елена үшін бұл – әкесінен қалған естелік дейді мұражай мамандары. Қазір көне ойыншық музей төрінен орын алып, келушілердің қызығушылығын тудырып отыр.
Көрмеге келген тұрғындар балалық шағын еске алды. Экспозицияда мақтадан жасалған Аяз ата мен Ақшақар мүсіндері де қойылды. Мұндай бұйымдардан 19 дана бар. Ең көнесі 1970 жылдары жасалған.
Ольга Крит, Павлодар қаласының тұрғыны
Көрмеге келу өте қызық болды. Кейбір ойыншықтарды бұрын көрмеген екенмін, соларды көріп, балалық шағым есіме түсті. Мұнда таныс дүниелер де бар. Ал мақтадан жасалған Аяз аталарды бұрын-соңды көрмеппін, енді көзбен көрдім. Бұл көрме балалық шаққа қайта оралғандай әсер қалдырды.
Көрме желтоқсан айының басында ұйымдастырылды. Тұрғындар көрменің жалғасуын сұрап, келушілер саны артты. Осыған байланысты жаңа жылдық ойыншықтар көрмесі 7 қаңтарға дейін жалғасады.
Сабина Жолдаспаева