Павлодар қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бейнебақылау жүйесі тиімді нәтиже көрсетті. Жедел басқару орталығының камераларының көмегімен жыл бойы заңбұзушылықтар дер кезінде анықталып, олардың жолы кесілді. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе қылмыстардың алдын алуға және полицияның жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Жедел басқару орталығы қылмыстар мен түрлі оқиғалар туралы хабарламаларды қабылдайды. Сондай-ақ полиция күштерінің жедел әрекет етуін ұйымдастырып, олардың оқиға орнына уақытында жетуін бақылайды. Қала аумағында орнатылған бейнебақылау камералары негізінен әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркейді. Олардың қатарында қоғамдық орындарды ластау, ұсақ бұзақылық және тәртіпке қайшы әрекеттер бар. Мұндай деректер жедел түрде патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне жолданып, тиісті шаралар қабылданады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бейнебақылау камераларының көмегімен 196 қылмыс ашылған. 24 729 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 2 094 жағдай ұсақ бұзақылыққа, 2 871 дерек қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішуге, ал 16 758 жағдай жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты. Полицияға азаматтардан отбасылық жанжалдар, сағат 22:00-ден кейінгі тыныштықты бұзу және аула аумақтарында автокөліктерді заңсыз қою бойынша шағымдар түседі. Тәртіп сақшылары заңсыз әрекет жасалса, дереу «102» нөміріне хабарласу қажет екендігін ескертеді.
Сабина Жолдаспаева