Жаңа жыл түні Павлодар облысында пиротехниканы қолдану салдарынан бірнеше адам жарақат алды. Облыстық «103» жедел жәрдем қызметі мерекелік түнде пиротехникаға байланысты бес шақыртуға шықты. Зардап шеккендердің ішінде кәмелетке толмаған екі бала бар.

Алғашқы шақырту жаңа жыл басталғаннан кейін 28 минуттан соң түсті. Павлодар қаласында 16 жастағы қыз бала күйік алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Сол түні қолында петарда жарылған 15 жастағы жасөспірім де осы медициналық мекемеге түсті. Сондай-ақ, жедел жәрдемге Кенжекөл ауылынан қоңырау келді. Қолында отшашу жарылған 33 жастағы ер адам күйік пен қол жарақатын алып, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Кахарман Баймұратов, Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінің дәрігері

Жаңа жыл түні 2009 жылы туған қыз бала ауруханаға жеткізілді. Отшашу жарылып, оның оң жақ иығы мен кеуде тұсынан 2– дәрежелі термиялық күйік алған. Қазір толық көлемде ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты. Сол түні тағы бір кішкентай бала қолындағы петарданың жарылуы салдарынан күйікпен жеткізілді. Оған қажетті медициналық көмек толық көрсетілді. Стационарлық емдеуді қажет етпейді.

Тағы бір жағдайда 18 жастағы жасөсіпірім фейерверктің барлық оғының атылғанын тексеру кезінде көзінен жарақат алды. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсеткеннен кейін, ол ауруханаға жатудан бас тартты. Ал, 1 қаңтар күні кешке Қалқаман ауылының 31 жастағы тұрғыны жедел жәрдемге жүгінді. Жаңа жыл түні қолында петарда жарылған ер адам оң қолының 2–3 дәрежелі термиялық күйігін алған. Ол Ақсу қалалық ауруханасының травматологиялық пунктіне жеткізілді.

Сабина Жолдаспаева