Қоғаммен ашық әрі нақты диалог. Павлодарлық саясаттанушы Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген ауқымды сұхбатын осылай сипаттады. Сұхбатта қазіргі бар мәселелер мен ықтимал қатерлер ғана емес, оларды шешудің нақты жолдары да айқын көрсетілген. Сұхбаттың негізгі тұстары туралы алдағы материалымызда.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөзге дәстүрге айналған сұхбатын берді. Әңгіме мазмұнды әлібетте көпқырлы: Мемлекет басшысы экономика мәселелеріне жан-жақты тоқталып, жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайыздан асқанын атап өтті. Сондай-ақ, жаңа Салық кодексі төңірегіндегі өткір пікірталастар мен азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін экономикалық реформалар тілге тиек етілді.
Борис Поломарчук, саясаттанушы
Сұхбат өте қызықты болды. Оны жай әңгіме емес, толыққанды бағдарлама деуге болады. Онда күнделікті өмірдің көптеген қырлары қамтылды: экономика, әлеуметтік сала, сыртқы және ішкі саясат. Президент көп уақыт бойы айтылмай келген мәселелерді жасырмай, ашық түрде көтергенін атап өтуге болады. Кейбір бағдарламалар салтанатты түрде іске қосылғанымен, іс жүзінде жұмыс істемеді. Әлеуметтік жеңілдіктер шамадан тыс көбейтіліп, оларды жосықсыз пайдаланғандар болды. Жекелеген кәсіпкерлер де субсидияларды мақсатсыз жұмсап, мемлекеттік бюджет қаражатын теріс пайдаланды. Мұның барлығы ашық айтылды, енді осы мәселелер бойынша маңызды әрі дер кезінде шешімдер қабылданады деген үміт бар.
Президенттің айтуынша, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша прокуратура органдарының белсенді жұмысы жалғасын табады. Өткен жылы қор қаражаты есебінен еліміз бойынша жалпы сомасы 482 миллиард теңгені құрайтын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы аяқталған. Бірқатары әлі де салынып жатыр. Олардың қатарында мектептер, медициналық мекемелер, инженерлік инфрақұрылым нысандары, сондай-ақ әуежайларды қайта жаңғырту жұмыстары бар. Сол әуежайлардың бірі Павлодарда.
Борис Поломарчук, саясаттанушы
Мұнда ұзақ уақыт бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қайтарылған активтердің нақты пайда бере бастағанын атап өтуге болады. Президент қорытынды жасап, осы қаражаттың арқасында ашылған нысандардың саны мен қомақты көрсеткіштерді келтірді. Атап айтқанда, Павлодар әуежайын қайта жаңғырту туралы да сөз болды. Бұл сұхбатты азаматтармен жүргізілген ашық әрі адал әңгіме деуге болады. Онда бос уәделер берілген жоқ. Алда үлкен әрі күрделі жұмыс тұрғаны нақты айтылды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, заңсыз шығарылған активтерді қайтару арқылы әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру дегеніміз саяси пиар-акция емес, мемлекеттің принципті әрі жүйелі ұстанымы.
Ермек Сапаров