Павлодар облысында 18 және 19 қаңтар күндері православ христиандары шоқыну рәсімін өткізеді. Біздің өңірде 14 ойық жасалады. Дәстүр бойынша бұл күндері жамағат шіркеулерге барып, қасиетті су алады. Облыста мерекеге дайындық жұмыстары алдын ала жүргізіледі. Бұл жұмысқа тек дін қызметкерлері ғана емес, төтенше жағдайлар қызметі де атсалысады.
Жыл сайын бұл рәсім азаматтардың белсенді қатысуымен өтеді. Шіркеу қызметкерлерінің айтуынша, суға шомылу – әр адамның жеке таңдауы. Ең бастысы, бұл рәсімді шынайы ниетпен орындау қажет.
Алексий Степанов, Павлодар және Екібастұз епархиясы Благовещенск кафедралды шіркеуі епархиялық кеңесінің хатшысы
Шоқыну кезінде суға шомылуға қатысты маңызды жайттарды атап өткен жөн. Кейбір адамдар мұны жай ғана қызық үшін, аязда мұздай суға түсіп, ерекше әсер алу мақсатында жасайды. Тағы біреулер үшін бұл әлеуметтік желіге салу үшін ғана. Кейбіреулер суға шомылу арқылы күнәлар кешіріледі деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Суға шомылу тәубе ету рәсімін алмастырмайды. Күнә адамға тек Құдай алдында шын жүректен өкініп, шіркеудегі тәубе ету рәсімі арқылы ғана кешіріледі.
Ойықтағы қауіпсіздікті құтқарушылар мен медицина қызметкерлері қамтамасыз етеді. Адамдар суға түспес бұрын мамандар мұздың қалыңдығын тексереді. Түсіп-шығуға арналған сатыларды және жылыну пункттерін орнатады. Тұрғындар тек рұқсат етілген орындарда ғана суға түсу қажет.
Думан Қыдырмоллаев, Павлодар облыстық ТЖД бастығының орынбасары
Біздің қызметкерлермен жергілікті атқарушы органдармен толық зерделенеді. Мұз астының тазалығы, мұздың қалыңдығы қаралады. Түсетін, шығатын сатылар және жылыту пунктер жабдықталатыны қаралып, содан кейін рұқсат етіледі. Тағы айтатын жайт, халықты негізі рұқсат берілген жерлерде ғана түсуді сұраймыз. Себебі, ол жерлерде біздің қызметкерлер болады, медициналық қызметкерлер болады. Қандай да көмек керек болатын болса, көмек көрсетуге дайын боламыз. Жабдықталмаған жерлерде түсетін болсаңыздар, көмек көрсету өте қиын болады. Сондықтан рұқсат етілген жерде түсу қажет.
Дәрігерлер суық суға түсу кез келген адам үшін қауіпті екенін ескертеді. Сондықтан созылмалы аурулары бар адамдарға суға шомылудан бас тарту ұсынылады.
Ирина Мищенко, Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігерінің орынбасары
Созылмалы аурулары бар азаматтарды ескерткіміз келеді. Жүрек аурулары, инфаркт алғандар, жүрек ырғағының бұзылуы, қан қысымының жоғары болуы, пневмония немесе вирустық инфекция, бронхиалды демікпе, өкпенің созылмалы аурулары, жүйке жүйесі аурулары, бас миы жарақатын алғандар және басқа да сырқаты бар адамдарға мұздай суға түсуге болмайды. Суық суға түсу денсаулыққа ауыр, қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін.
Мамандар суға түсер алдында денені қыздыру үшін жеңіл жаттығу жасауға кеңес береді. Алкоголь ішуге қатаң тыйым салынады. Өзіңізбен тез киілетін құрғақ киім алу қажет. Суға түскеннен кейін денені жылы сүлгімен сүртіп, ыстық шай ішіп жылыну керек. Облыс бойынша барлығы 14 ойық дайындалады. Павлодар қаласында Усолка шағын ауданында және Павлодарское ауылында орналасады.
Сабина Жолдаспаева